ذَلِكَ وَمَنْ يُعَظِّمْ شَعَائِرَ اللَّهِ فَإِنَّهَا مِنْ تَقْوَى الْقُلُوبِ
«Міне осы. Кім Алланың белгілерін ұлықтаса: күдіксіз ол, жүректің тақуалығынан» («Хаж» сүресі, 32-аят).
Омар (ол кісіден Алла разы болсын): «Құранды ұлықтаңдар», – деген (Құртуби тәпсірі, 1/29).
Ал жайнамаздың үстіне Құран аяттарын, дұғаларды жазу қасиетті рәміздерді елемеу және оның беделін, мәртебесін бағаламау болып саналады.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде Құранды жерге, киімге, төсенішке, жастыққа және т.б. жазуға тыйым салған деректер жеткілікті. Соның бірі Амр ибн Шұғайыптан жеткен риуаятта: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құранды жерге жазуға тыйым салған», – делінген (Ибн Батта, «әл-ибәнә», 5/325. Әл-Мустағфири, «Фәдәйлу әл-Құран», 1/200).
Себебі жерді барлығы аяғымен басып жүргендіктен, оған жазылған Құран аяқ асты болып кетуі мүмкін. Бұл Құранды құрметтемеуге алып барады. Ол үлкен – күнә (Әбу Убайд Қасим ибн Сәләм, «Фәдәйлу әл-Құран», 121).
Кәмал ибн Һумам: «Құранды, Алла Тағаланың есімдерін дирһамға, михрабқа, қабырғаға және төсеніштерге жазу – мәкруһ», – деген (Фәтху әл-қадир, 1/173).
Жоғарыдағы тыйым салынған деректер Құранның, шариғаттың белгілері аяқ-асты болып кетуіне байланысты келген. Сондықтан намаз үлгісі көрсетілген жайнамазбен намаз оқу аталмыш тыйымның құрамына кіреді.
Оған қоса жаттамаған сүрелерді Құранға қарап оқу намазды бұзады (Хашияту әт-Тахтауи, 336) әрі суреттің үстіне сәжде ету мәкруһ саналады (Нуру әл-идах, 112). Қорыта айтқанда, мұндай жайнамазбен намаз оқуға болмайды.
Шариғат және пәтуа бөлімі
Пікір қалдыру