Қателесу сәждесі деп намаз оқушы кісі намаздың уәжіптерін кешіктіріп немесе ұмытқан жағдайда намаздың соңында жасалатын қосымша екі сәждеге айтылады.
Араб тіліндегі «сәһу» сөзі қазақ тілінде «қателесу, ұмыту» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан бұл қазақ тіліндегі қателесу сәждесі деген мағынаға саяды. Қателік сәждесін жасау арқылы намазда болған қате-кемшіліктер жойылады.
Жұмыр басты пенде намазын ынтамен, өте ұқыпты оқығанның өзінде кейде қателесіп жатады. Мұндай жағдайда намаз оқушы: «Алланың құзырында қателік істедім, немқұрайдылық таныттым», – деп өзінің қателігін ойлап, намазды дұрыс орындай алмағанын уайымдап үмітсіздікке салынуы мүмкін. Тіпті қателестім деп, намазды қайталап оқи беретіндей шайтанның азғыруына тап болуы мүмкін. Мұндай жағдайда пенде қателік сәждесін орындау арқылы түрлі күмәндардан арылып, қателігін осы сәжде арқылы түзеген болады.
Алайда «намазда қателессем қателесейін, бұл қателікті өшіретін қателік сәждесі бар» деген оймен намазды немқұрайды оқуға да болмайды. Пенденің «аурудан емделетін дәрі-дәрмегіміз бар» деп денсаулығына қарамағаны қандай ақымақтық болса, қателік сәждесі бар деп намаздың рүкіндеріне осал қарау да дұрыс емес.
Сондықтан Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім оқыған намазына күмәнданса, дұрысын іздесін (яғни, қанша рәкәт оқығанын жақсылап ойлансын), намазын ойының басымдығына қарай тамамдасын. Содан кейін сәлем беріп, қателік сәждесін жасасын»[1] – дейді.
Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кімде-кім намазында төрт немесе үш рәкат оқығандығына күмәнданса, күмәнін ойламай, ойы қайсысына басым болса, соған қарай амал қылып, намазын тәмамдасын. Сәлем бермей тұрып, екі рет сәжде жасасын. Егер бес рәкат оқыған болса, бұл сәжделер намазына шапағатын тигізеді (кешіріледі), ал егер намазын (төрт рәкат етіп) дұрыс оқыған болса, бұл сәжделер шайтанның масқара болуына себепші болады»[2], – деген.
Қателік сәждесінің үкімі
Ханафи мәзһабында қателік сәждесін жасайтын жағдай туындаса, бұл сәждені жасау уәжіп. Ал намазда кемшілік немесе артық іс жасағаннан кейін бұл қателік сәждені жасамаса, намазы дұрыс болғанымен, күнә жазылады. Өйткені қателік сәждені жасау жайында сахих хадистер бар.
Намаз уәжіптерінің бірі немесе бірден көбі кешіктірілсе немесе қателесіп, ұмытып, орындалмай қалса, қателік сәждесін жасау уәжіп болады.
Намаздың парыздарының бірі (рукуғ, сәжде т.с.с) орындалмаған болса, қателік сәждесі бұл кемшілікті толтыра алмайды. Намазды қайта оқу керек. Намаздың сүннеттерін орындамағаны үшін қателік сәждесі қажет емес[3].
Қателік сәждесі қалай жасалады?
Қателік сәждесі ақырғы отырыста оң жаққа сәлем бергеннен кейін жасалады.
Алайда сәлемнен бұрын жасауға да болады, бірақ мәкрүһ саналады. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Әрбір қателікке сәлемнен кейін екі сәжде жасалады»[4], – деген.
Имран ибн Хусайн және көптеген сахабалар: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қателік сәждесін сәлемнен кейін жасаған» – деп риуаят еткен[5]. Кейінгілер екі жаққа сәлем бергеннен кейін қателік сәждесін жасайды деді. Олай болса намазды жеке оқығанда екі жаққа сәлем беріп, одан кейін қателік сәждесі жасалады, ал жамағатпен оқыса, имам тек бір жаққа, яғни оң жаққа, сәлем бергеннен кейін қателік сәждесін жасайды.
Мысалы, жеке оқыған адам намазда қателессе, намаздың соңғы отырысында «әт-Тахиятты» оқығаннан кейін, екі жаққа сәлем беріп, қайта екі рет сәжде жасайды. Бұл сәждеге «қателік сәждесі» делінеді. Бұл сәждені жасап болысымен, ақырғы отырыста «әт-Тахият» дұғасын және «салауат» пен «Рәббәнә әтина» дұғасын оқып, екі жаққа сәлем беріп намазды тамамдайды.
Ал егер имам намазды жамағатпен оқыған болса, намаздағы қателігі үшін «әт-тахиятты» оқығаннан кейін тек бір жағына сәлем беріп, артынша қателік сәждесін жасап «әт-Тахият», «салауат», «раббәна әтина» дүғаларын оқып сәлеммен намазын тамамдайды.
Қателік сәждесінен кейін қайта «әт-Тахиятты» оқу жайында Имран ибн Хусайын жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) олармен бірге намаз оқығанда қателесіп, артынша екі сәжде жасады да, содан кейін «әт-Тахиятты» оқып, сәлем берді»[6], – деген.
Қателік сәждесі кейбір уақыттарда жасалмайды. Мысалы, таң намазын оқып жатып, сәлем бергеннен кейін, күн шыға бастағанда және намаздыгер намазында сәлем бергеннен кейін, күн қызара бастағанда, қателік сәждесі жасалмайды.
Материал «Ислам ғылымхалы» кітабынан алынды. Ummet.kz
[1] Бұхари, Салә, 31
[2] Бұхари, Сәһу; 6-7
[3] Абдулхамид Тахмаз, Фиқһул-ханафи фи сәубиһил-жәдидо, Бейрут, 1998 ж. 1/279-6.
[4] Мүснәд Ахмед 5/280; Сүнән Әбу Дәуіт, 1038
[5] Ибн Ади; Дуафа, 5/1806
[6] Әбу Дәуіт, Тирмизи
Пікір қалдыру