— Күні кеше «Рухани құндылықтар — қоғам бірлігінің негізі» атты III республикалық имамдар форумы өтті. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған жиында маңызды деген үш құжат қабылданды. Осы игі шарадан не күтеміз?
— Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Бұл еліміздегі күллі мұсылман жұрты үшін, Діни басқарма үшін тарихи күн болды. Форумға барлығы бір кісідей қатысты. Бас мүфти, хазірет Серікбай қажы игі шараны өзі ашып, форумның маңыздылығын айқындап берді. Өздеріңіз білетіндей әр екі жылда Имамдар форумын өткізуді дәстүрге айналдырып келеміз. 2015 жылы «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» деген тақырыппен өтті. Сол кезде «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «ҚМДБ қызметкерінің этикасы», «Имамның тұлғалық келбеті» сынды бірнеше құжаттар қабылданды. Діни басқарма араға екі жыл салып «Ислам және өркениет» деген атпен екінші республикалық имамдар форумын өткізді. Бұл жолы да табысты болды. Олай дейтініміз жиын соңында «Үздік зияткер имам» деп аталатын құжат бірауыздан қабылданды. Бұл тұжырымдама өз кезегінде имамдардың білімі мен тәжірибесін арттыруға әлі күнге дейін септігін тигізіп келеді.
Биылғы форумның нәтижесі қандай дегенге келсек? Ең бірінші ол – «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани тұғырнамасы атты құжат. Мұнда еліміздегі мұсылман жұртына арналған үндеу баяндалды. Адам баласына қажет қасиеттерді топтастыра отырып, бүгінгі қоғамның сұранысына сай дайындадық. Әрқайсысы 7 сипаттан тұрады. Ең біріншісі ол имандылық, одан кейін отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, әділдік және еңбекқорлық болып жалғаса береді. Тағы бір маңызды тұсы ол – Діни рәсімдер тізілімі. Мұнда балаға ат қоюдан бастап, оның ақиқасын беру, бата беру, сүндетке отырғызу, неке қию сынды дініміздегі шарттар оның ішінде баса айта кетерлігі бұл таза имамдар орындайтын рәсімдер. Өйткені көп діни рәсімдер өзіңіз білетіндей әр аймақта әртүрлі өткізіліп келеді. Сондықтан мұны бір ретке келтіру, бір ізді қылу көптен бері ойда жүрген шаруа еді. Соны биыл Діни басқарма қолға алды. Міне, нәтижесі көптің көңілінен шықты, ел ағалары танысты. Одан кейінгісі — Дін қызметкерлері атқаратын лауазымдар. Бұл жерде айтпағымыз имам кім, ауылды жердегі молда кім, оның атқаратын қызметі қандай? Имам мен молда тұрғанда намазға кім шығады деген сауал туындайтын. Енді бәрінің аражігін ажыратып алдық. Бұл қабылданған құжаттар өміршең болатынына, көкейдегі көп сауалға жауап беретініне сенеміз. Қорыта келгенде айтарым, бұл – болашаққа себілген дән. Оның жемісін келер ұрпақ көрер деп Діни басқарма осындай қадамға барып отыр.
— Дін қызметкерлерінің атқаратын діни рәсімдерінің тізілімі де осы жолы қабылданды. Маңыздылығына тоқталып өтсеңіз?
— Бұл жерде біз 45 рәсімді алдық. Негізі діни рәсім қырық беспен шектелмейді. Бірақ имамдарымымыз атқаратын ең маңыздысы осы дегендеріне тоқталдық. Ең біріншісі ол балаға ат қою, бата беру, оның ішінде сапар батасы, сүндетке отырғандағы бата болып кете береді. Кейін намаз өткізу, мұнда да екі айт намазы, тарауих, жұма, қусуф намазы деп жалғасады. Қажылық шарттары, пітір садақасы, зекет пен ұшыр беруді түсіндіру бәрі де имамдардың міндетіне кіреді. Кейін дем салу, иман үйіру, оң жаққа жатқызу, арулау, сияқты рәсімдер де енді. Қарасаңыз, бір ғана Рамазан айында имамдар атқаратын қаншама рәсім бар. Ауызашарда Құран оқу, бата беру, тарауих намазын өткізу, иғтикаф шарттарын түсіндіру. Міне, тізім осылай жалғаса береді. Кейбір рәсімдерді біріктірдік. Өйткені бір-бірімен тығыз байланысты. Мәселен, Құран бағыштау. Бейіт басында, мешіт ішінде Құран оқу секілді болып бөліне береді. «Дін қызметкерінің жұмысы қай заманда абыройлы болса, соғұрлым жауапкершілігі жоғары болған. Бүгінгі таңда имамдардың қоғам алдындағы миссиясының маңыздылығы күн санап артып келеді. Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған ІІІ республикалық имамдар форумында қабылданған «Діни рәсімдер тізілімі» құжатының мәні мен маңызын айрықша атап өту қажет. Расында, имамдар атқаратын қызметті белгілеп, айшықтап алатын кез келді. Өкінішке қарай, айналамызда орын алып жатқан кейбір келеңсіздіктер мен жайсыз оқиғаларға қатысты пікір айтылғанда, имамдар сынға ұшырап жатады. Ол мәселе имамдық қызметтің аясына кірмейтінін көпшілік біле бермейді. Көп жағдайда дін қызметкері атқаруы тиіс рәсімдерге мешітке қатысы жоқ адамдар араласып, шариғатты бұра тартып, жұртты шатастырып жатады. Соның салдарынан дін саласындағы қызметкерлерге, Исламға қатысты кереғар пікір қалыптасуда. Қорыта айтқанда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер – өз атауында көрсетілгендей, мүфтияттың мамандары, яғни имамдар орындайтын іс. Осы орайда, бұл рәсімдерді дін қызметкерлерінен өзге жеке азаматтардың орындауына болмайтынын халыққа түсіндіруіміз тиіс.
— Тағы бір құжат — діни лауазымдар тізілімі. Құжаттың маңыздылығына тоқталсаңыз?
— Бұл құжатта біраз жылдан бері көкейде жүрген. Имам мен молда, ұстаз бен қаридың қызметін бөліп, міндеттерін жіліктеп беру осы жолы орындалды. Ауылды жердегі молданың міндеті қайсы, медресе директоры не атқарады, имам не нәрсеге араласа алмайды деген сауалдар қойылатын. Енді бәрінің аражігін ажыратып, осындай топтама дайындадық. Аллаға шүкір мүфтият қызметкерлері осы құжаттардың басы-қасында болды. Әрбір әрпі, әр сөйлеміне дейін қаралды. Ендігі жерде осы бекітілген лауазым бойынша имамдар жұмысын жалғастыра береді.
— Бұл форумда шалғай өңірлерден жүзге жуық имам келді. Имамдардың тұрмысын түзеуге мән берілетіні айтылды. Бұл бақытта қандай жұмыстар іске асады?
— Иә осы жиында бұл туралы министр мырза шегелеп айтты. Шынында, бұл — өзекті мәселе. Енді арнайы қорлар арқылы олардың тұрмысын оңалту жұмыстары жүргізілмек. Қалталы, қайырымды азаматтар осы іске тартылады. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, жамағатты жақсылыққа бастайтын имам, ұстаз, қарилардың еңбегін осылай елеу меніңше оң қадам дер едім.
— Рухани тұғырнама біздің елде алғаш рет қабылданып отыр ма?
— Рухани тұғырнама бұл бірінші рет қабылданып отыр. Өте маңызды дер едім. Өйткені ислам этикасы, көркем мінез, адалдық сынды адам баласына керек қасиеттер қамтылған. Аталған құжаттар көптеген талқылаудан өтті. Имандылық деп тақырып алсақ соған қатысты жеті қасиетті топтастырдық. Имандылыққа арлы, ізетті, инабатты, қайырымды, ізгі сынды сипаттарды кіргіздік. Қазіргі қазақ жастарына не жетіспейді? Жеткіншек өзінде жоқты қайдан алады? Оны немен сусындатамыз. Руханияттың қайнар көзі ислам десек, оның ішінде, бізге қажеттінің бәрі бар. Сондықтан бастысы осы жеті қазығымызды мықтап қағып алсақ, ол бізді адастырмайды. Темірқазықты бағыт етіп, барар жеріне адаспай жеткен бабалардың жолы бізге өнеге. Осы кешегі форумға келген белгілі теолог-ғалымдар бұл құжаттың құндылығын айтып, қазіргі кезеңде қоғам сұранысына сай екеніне тоқталды. Өйткені адамзат баласы қазір өзіңіз білесіз интернетке жаппай ауысуда. Бір сәттік жылтырақ үшін түрлі қадамға барады. Лайк үшін лайықсыз әрекеттер жасалады. Осы кезде сонау көне дәстүр, қазақи тәрбиемізге сай қалыптасқан болмысты осылай тағы бір жаңғырту мақсатында жасап отырмыз.
— Имамдарға мүфтияттың төрт бағыты кеңінен түсіндірілді. Ол бойынша нақты жұмыстар атқарылып келеді. Ендігі бағыт осы форумда айтылған міндеттерді іске асыру емес пе?
— Форумға аймақтардан 500-ге жуық имам келді. Әрқайсысы жауапкершілікті сезінді деген ойдамын. Қазірдің өзінде әр өңірде имамдар түсіндіру жұмыстарын жеткізуді бастап кетті. Әрқайсысына жүктелген міндет ауыр. Осыны естен шығармау керек. Әрбір тармақты ұмытпай, соның шеңберінде жүретін болсақ, онда көркем мінез қалыптасады. Имамдарымыз форумда айтылған міндеттерді жеткізуде аянып қалмасын анық.
— Әңгімеңізге рақмет!
Пікір қалдыру