Ережеп айының хикметтері

Қасиетті Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінің 36-аятында: «Расында, Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі  құрметті айлар. Міне, осы берік дін. Онда бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер»,делінген. Алла Тағала  ерекше мүбәрак еткен айлардың  бірі – Ережеп айы (биыл ақпанның  13-ші жұлдызында кірді). «Ережеп» сөзі араб тілінен ұлықтау, мадақтау деген мағыналарды білдіреді.

Алланың сүйікті  Елшісі(с.ғ.с.)  хадисінде: «Ережеп – Алланың айы, шағбан – менің айым, Рамазан – үмбетімнің айы», – деген екен.

Сондықтан, қасиетті айға ерекше құрмет көрсетіп, Алланы көбірек еске алып, біліп- білмей істеген қателеріміз үшін Жаратушы Иемізден  кешірім сұрап, тәубеге келіп, айналамыздағы адамдарға көбірек  жақсылық жасауымыз керек.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қасиетті айларға көп көңіл бөліп, сахабаларға оларды қалай өткізу керектігі жөнінде айтатын. Сондай-ақ, ережеп айы кіргенде: «Раббым, ережеп пен шағбан айларын берекелі ете гөр! Бізді Рамазанға аман-есен жеткізе гөр!»   – деген дұғамен қасиетті айларды (ережеп, шағбан, рамазан)  бастайтын.

Ал Зуннун Мысри (р.л.ғ.) былай депті: «Ережеп – егін егу, Шағбан – егілген егінді суғару, Рамазан – өсіп шыққан егінді ору. Ережеп – тазару, кешірім және мейірім айы, Шағбан – шапағат, рухани құлпыру айы, Рамазан – тозақ отынан құтылу айы».

  Ережеп айында қасиетті екі түн бар. Бұл айдың алғашқы жұмасы – Рағайып түні болса,  жиырма жетінші түні – миғраж сапарына дөп келеді. «Рағайыптың» сөздік мағынасы – «жауһар, құнды, бағалы, игілік» деген мағыналарды білдіреді.

     Ережеп айының 27-түні – Миғраж түні. Миғраж «баспалдақ» деген сөз. Жәбірейіл (ғ.с.) келіп, пайғамбарымызды 52 жасында ражаб (ережеп) айының 27-ші түнінде Меккедегі Мешіт Харамнан Құдыстағы (Иерусалим) Мешіт Ақсаға және одан көкке алып кетті. Құранда- Исра, ал хадисте Миғраж деп аталады. Исра-түн саяхаты, миғраж – көкке көтерілу. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Миғраж түнінде пыраққа мініп, көк жүзінен өтіп, Ұлы Жаратушының құзырына шыққан болатын.

Алла Тағала сүйікті пайғамбарының осы ұлық сапары туралы Құран Кәрімнің  Исра сүресінің 1-аятында: «Алла  Құлын (Мұхаммедті ған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  бір түні белгілерімізді көрсету үшін Масжид Харамнан Масжид Ақсаға апарған Алла әртүрлі кемшіліктерден пәк. Ол бәрін естіп, көруші»-деген.

Ислам ғалымдары былай дейді: «Миғраж рух және денемен бірге жүзеге асты. Аятпен көрсетілгендіктен, Меккеден Құдысқа апарылғанына сенбеген адам кәпір болады. Көктерге, білінбейтін жерлерге апарылғанына сенбеген адам күнәхар болады».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Исра оқиғасында  илаһи сый құрметке бөленіп, жәннатты, періштелерді және өзінен бұрын өмір сүрген пайғамбарларды көру құрметіне ие болды. Осы түні берілген ең маңызды сыйлары – Бақара сүресінің соңғы аяттары, Аллаға серік қоспағанның жаннаттық болатындығы  және бес уақыт намаз.

Қасиетті түнде  мұсылмандар қаза намаздарды оқып,  Құран Кәрімді оқу керек. Аллаға  тәубе етіп, дұға жасау керек және білімін толықтыруға тырысқаны жөн. Сонымен қатар кедейлерді қуанту үшін  садақа беріп, дүние мен ахирет бақыты үшін барлық мұсылмандарға дұға ету керек.

Алла Тағала жасаған  дұғаларымыз бен ғибадаттарымызды қабыл етіп, қасиетті айдың шарапаты мен берекесін нәсіп етсін!

Ұлан Шрайынбеков,

Үржар ауданының бас имамы.