АҚ ТҮС – АДАЛДЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ

Кез келген халықтың мәдениетінде түр-түстің символдық мән-мағынасы бар. Қазақ тілінде түр-түс атауларының саны көп болмаса да, атқаратын қызметі мен мән-мағынасы сан алуан. Әрқайсысының түрі мен түсі, бояу реңкін білдіретін қасиеті бар екені ақиқат. Қазақ халқының ұлттық дүниетанымында, наным-сенімінде кейбір түстер қасиетті саналады. Жалпы түр-түстер қандай мәнге ие? Түстердің символдық процесі қалай атқарылады? Ол үшін әуелі «символ» сөзінің мәнін ашып алсақ.

Символика о баста көне гректердің symbolon (белгілі бір қоғам мүшелері мен әлеуметтік топтар үшін ғана түсінікті шартты белгілер) сөзінен шығып, бүгінде «әртүрлі идеяны, түсінікті, ұғымды, ойды, сезімді, іс-әрекетті білдіретін шартты белгілердің жиынтығы» деген мағына береді. «Символ» деп адам баласының танымынан тыс дүниелерді бейнелейтінін айтуға болады. «Символдардың пайда болуына қай халықтың болмасын тұрған ортасы, өмір сүру салты, дәстүрі, мәдениеті, жалпы алғанда дүниетанымы әсер етеді. Қандай халықтың символдар жүйесін алып қарасақ та, жалпы адамзатқа ортақ символдарды кездестіреміз», – дейді ғалым Роза Лауланбекова.

Түр-түстер символикасы жайында қазақ ғалымдары да жан-жақты зерттеулер жүргізіп, өз ойын ортаға салған. Қазақтың мәдениетін зерттеуші Ислам Айбарша: «Түр-түсті білдірер символдар жүйесі – қандай да болмасын ұлттың дәстүрлі дүниетанымының негізгі танымдық кодтарының бірі», – дейді. Ал көрнекті ғалым Әлкей Марғұлан түр-түстердің символдық мәні жайында: «Көк түс – көкке табынудың, аспанның символы, қызыл – оттың, күннің, ақ – шындықтың, қуаныштың, бақыттың, сары – ақыл-ойдың, қара – жердің, жасыл – көктемнің, жастықтың символы», – деп мифологиялық тұрғыдан қарастырса, академик Әбдуәлі Қайдар, Байтұрсын Өмірбеков және Зинаида Ахтамбердиеваның «Сырға толы түр мен түс» атты еңбегінде түр-түстердің семантикасы, зерттелу тарихы жайына тоқтала отырып, түр-түстің физикалық сыры мен өмірде, өндірісте, тіліміздегі қолданылуын кеңінен сөз етеді.

Түстердің ішінде ақ түстің жөні бөлек. Қазақ ұғымында ақ түс – әділдіктің, адалдықтың, пәктіктің, жақсылықтың, игі сезімдердің белгісі. Қазақ халқы киелі нәрселерді қастерлеуде оларды аққа балап отырған. Айталық, әйел затына да құрметпен қарап, «ақ жаулықты ана» деген. «Ананың ақ сүтін ақтау – перзенттік парыз» дейтін даналық сөз бар. Осы негізде «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық», «Аққа Құдай жақ», «Ағын су арнасын табады, ақ адам орнын табады», «Ұжданы ақтың – жүзі ақ», «Аққа зауал жоқ», «Ақ серке қой бастайды, ақын жігіт той бастайды», «Ананың алды – ақ жайлау» дейтін мақалдар бар. Әсіресе ырым-салттар мен әдет-ғұрыптарда көптеп кездесетінін айту керек. Мысалы, сәби жатқан бесікке «өмір жасы ұзақ болсын, жолы ақ болсын» деген ырыммен ақ байлау нышаны, жаңа түскен келіннің сәукелесіне жұқа ақ желекті ілу, ұлттық сусындар, яғни қымыз, шұбат, сүт сынды тағамдар киелі ұғымдардың символына айналған.

Ақ түстің тағы бір мағынасы тазалық екені айтпаса да түсінікті. Себебі қазақ ғұрпында да, мұсылман дәстүрінде кісі қайтыс болғанда ақ түсті матаға (кебінге) кебіндеп, қастерлеп жерлеуде өзіндік мән жатыр. Ауыспалы мағынасын айтар болсақ, «әлдебір нәрсе араласпаған күйде аттансын, таза қалпында кетсін» деген ұғым шығады. Демек ақ түсті қай қырынан алсақ та қазақ үшін қастерлі деп бағамдауға болады.

Халқымыздың діни санасынан үлкен орын алатын Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде түр-түстің айрықша мағынасы бар ма? Пайғамбар айтқан хадистердегі түр-түстің астарлы ұғымында не бар? Осы жағын салғастырып көрелік. Мұсылман халқының мәдениеті мен дәстүрлерінде түр-түстердің астарлы ұғымында бірнеше мән-мағына жатыр. Осы арада түрік тарихы мен Ислам мәдениетін зерттеген көрнекті ғалым Фуад Көпрүлүнің Ислам мәдениетіндегі түстер символикасы жайында айтқан пікірін білдіре кетсек. «Байрақтардағы, киім-кешектердегі, нақыштардағы және шатырлардағы, қысқасы осы сынды биліктің белгісіне айналған нәрселерде түр-түстердің үлкен маңызы мен символы бар. Көне дәуірлерден, яғни ең алғаш құрылған мемлекеттердегі осы түстердің маңыздылығын орта ғасыр дәуіріндегі Ислам және Түрік мемлекеттерінде де жалпылама көріп отырмыз. Аббаситтердің тулары мен киімдерінде қара түсті бояуды өздерінің ұраны етіп алғаны, тіпті оларды өздерінің басшысы етіп ұстанған сүнниттік мемлекеттерінде де осы түске орын берілгені белгілі. Ал шииттік Фатимиттер халифалығы бұған қарама-қарсы ұғымда болды, яғни олар ақ түсті өздерінің ұраны етіп, өздерінің пайғамбар әулетінен екенін білдіру үшін осы түсті қадір тұтқанын білеміз» дейді Фуад Көпрүлү. Демек Ислам мәдениетінің дәстүрінде пайғамбардың және ол атқарған іс-әрекеттердің түр-түстерге де өз ықпалын тигізгенін көруге болады.

Айталық, араб халқының ұлттық ғұрпында ер кісілердің ақ түсті киім киюі әдетке айналған. Тіпті мұсылман ұғымында «сүннет» деген түсінік қалыптасқан. Бұл жайында пайғамбар хадистерінен мысал келтірер болсақ, хадисте: «Ақ түсті киім киіңдер. Өйткені ол әдемі әрі таза. Қайтыс болғандарыңды онымен кебіндеңдер», «Киімдердің ақ түсті болғанын киіңдер. Өйткені олар ең қайырлы (жақсы) киімдеріңнен. Қайтыс болғандарыңды да ақ түстімен (кебінмен) кебіндеңдер», – деген. Тағы бір хадисте «Расында, сендердің киімдеріңнің Аллаға ең сүйкімдісі – ақ түсті болғаны. Онымен намаз оқыңдар, қайтыс болғандарыңды сонымен кебіндеңдер» деп айтқан.

Демек ақ түс Ислам шариғатында да құпталған. Соңғы келтірген хадиске сүйенер болсақ, Жаратушы Алла Тағаланың ұнататын түсі екені баяндалып тұр. Келтірілген хадистерде де, қазақ мақал-мәтелдерінде де ақ түстің символдық мәні жоғары екенін аңғару қиын емес.

Батыржан МАНСҰРОВ,

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, PhD доктор

 «Мұнара» газеті, №3, 2020 жыл