Аллаға сенің жаққаның-
Ата-ана көңілін тапқаның.
Жасыңнан қылып қызметін,
Қартайса бағып қаққаның!
Адам өмірінің мәні мен сұлулығы, адамның келешегіне сенімділігі – баланың ата-анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік қарызын бір сәтке есінен шығармауында. Бұл – жас ұрпақтың мәдениеттілігінің, әдептілігінің ғана емес, ең алдымен, адамгершілігінің белгісі. Сондықтан біздің дінімізде де, ділімізде де, дәстүрімізде де «ата-ана» ұғымы қашанда қастерлі, қасиетті. Мұсылман қазақ елінде ата-ана – шаңырақтың шамшырағы, отбасының ұйытқысы болса, біздер үшін, әрқашан өзіндік шоқтығы мен тұғыры биік тұлғалар. Асыл дініміз Исламның қайнар бұлағынан сусындап, имандылықты дәстүрімен сабақтастыра білген момын халқымыз, қашанда әкені шаңырақтың иесі, қамқоры, қорғаны деп таныған. Аналарымызды сол шаңырақтың алтын босағасы, киелі тұтқасы іспетті құрметпен қастерлеген. Алла Тағаланың адам баласына сыйлаған осы бір құнды нығметінің қадірін жете түсінген халқымыз: «Алты аға бірігіп – әке болмас, жеті жеңге бірігіп – ана болмас», – деп түйіндеген.
Барша адамзаттың жаратылу мақсаты – Алла Тағаланы тану және Оған құлшылық жасау. Өмірдің ең басты ақиқаты осы. «Исра» сүресінің 23-аятында Алла Тағала: «Раббың тек қана Өзіне ғибадат етулеріңді, ата-анаға жақсылық қылуларыңды әмір етті», – деп, Аллаға құлшылық жасау тәрізді ата-анаға жақсылық жасаудың парыз екенін мәлімдейді. Сахаба Абдулла ибн Масғуд (оған Алла разы болсын) бір күні Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға ең жағымды, ең сүйкімді нәрсе не?», – деп сұрағанда, Алла Елшісі оған былай деп жауап қатады: «Кешіктірілмей уақытында оқылған намаз». Сахаба тағы да: «Уа, Алланың елшісі, ал одан кейінгі ең ізгі амал қайсысы?», – дегенде, Алла Елшісі: «Ата-анаңа жақсылық жасау», – деп жауап қатады (Бұхари, Мүслім). Ал, сахаба Абдулла ибн Аббас (оған Алла разы болсын) жоғарыдағы аяттың «…ата-анаға жақсылық жасауды бұйырды» – деген бөлімін: «Ата-анаңның қасында киіміңді сілкілеп қақпа, себебі киімнен шыққан шаң-тозаң олардың мазасын алуы мүмкін», – деп тәпсірлейді. Осылайша, ата-ананың көңіліне шаңның тозаңындай болсын кірбің түсіруге болмайтынын айтып, мәселенің қаншалықты жауапкершілікті қажет ететінін көрсетеді.
Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Бірде Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі келіп: «Адамдардың арасында жақсы қарым-қатынаста болуыма кім лайықтырақ?» – деп сұрады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Анаң», – деді. Әлгі кісі: «Сосын кім?» – деді. «Анаң», – деді пайғамбарымыз. «Сосын кім?» – деп сұрады әлгі кісі. Пайғамбарымыз тағы да: «Анаң», – деп жауап берді. «Ал одан кейін ше?» – деді қайта сұрақ қойған кісі. Пайғамбарымыз содан кейін барып: «Әкең», – деді» (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен). Осы хадистен жер бетінде ең жақсы қарым-қатынас қылуға лайықты жан – бұл ана екенін түсінеміз. Әрине, бала әкеге үлкен құрметпен қарауға міндетті, алайда ананың хақысы әкеге қарағанда үш есе жоғары. Неге? Өйткені, ананың сізге жасаған жақсылығы есептеуге келмейді. Біріншіден, нәзік жанды ана сізді жатырында, өзінің құрсағында тоғыз ай бойы ауырып, қиналып көтеріп жүрді. Екіншіден, босануға байланысты болатын бүкіл азапты тартып, зорықты. Үшіншіден, түнімен, күнімен көз шырымынан алмай, сізді емізді. Аса мейірімді Алла қасиетті Құранда былай дейді: «Адамдарға ата-анасына жақсылық жасап қарайласуды бұйырдық. Анасы қиыншылық үстіне қиыншылық көріп оған жүкті болды. Екі жылда омыраудан айыруы (емшектен шығару) бар» (Лұқман сүресі, 14-аят). Осы берекелі аятта ананың нәрестесін дүниеге әкелуі бірінен соң бірі, яғни, кезең-кезеңімен, қиын, әрі ауыр келетіні баяндалады.
Ал, әкеңіз сізді және сіздің аға-інілеріңізді, әпке-қарындастарыңызды тәрбиелеп, балаларының жоқшылық көрмеуі үшін, ешкімге, ештеңеге мұқтаж болмаулары үшін демалмай, көп қиыншылықты иығымен көтере, өзін қоярға жер таппай зорығып еңбек етті, табыс кіргізуге тырысты. Бақытты болсын деп, тұрақтылық, қауіпсіздікті қамтамасыз етемін деп арзан, жұпыны киінді, қарабайыр тамақтанды. Әркімге қарызданып-қауғаланса да, намысқа тиетін сөздер естісе де сіздердің қамдарыңыз үшін жанталасты, жанкештілік танытты. Ал сіз тіпті не болып жатқанын білмедіңіз. Сіз ол кезде ұйықтап, оянып, ойнап, күліп, секіріп әкеңіздің қалай шаршап-шалдығып келіп отырғанын да түсінбейтінсіз. Міне, бұл да әкенің қайраттылығының, мықтылығының белгісі.
Әбу Һурайра – пайғамбарымыздың жақын сахабаларының бірі. Пайғамбарымыздан өте көп хадис жеткізген. Алла ол кісіге разы болсын. Бірде сол Әбу Һурайра жолда кетіп бара жатып Әбу Ғассанды жолықтырады. Әбу Ғассанның соңынан бір ер кісі еріп келеді екен. Әбу Һурайра артқы жақта келе жатқан кісінің кім екенін сұрайды. Әбу Ғассан ол кісінің әкесі екенін білдіргенде, Әбу Һурайра оған: «Бұл ісің жөн емес, Пайғамбарымыздың сүннетін ескермегенсің. Жүргенде әкеңнің алдында жүру – ерсі қылық. Әкеңнің не артынан жүр, не оң жағында жүр. Астың дәмдісін әуелі әкеңнің алдына тарт. Тамаққа алдымен әкең қол созсын. Қабағыңмен болса да жасқап, оның көңіліне селкеу түсірме. Ол тізе бүкпей тұрып, сен отырма. Әкең ұйықтамай жатып, сен жастыққа бас қойма!», – деді (әл-Хаким). Егер кісі әкесінің алдына шығып жүрер болса, оған құрметсіздік қылғаны. Тек әкенің алдында бір тас немесе ағаш немесе басқа бір кедергі жатса, соны алып тастау үшін ғана алдыға шығуға болады. Сонымен қатар, әкенің атын атамай, «Әке, әкетай, әкешім» – деп атау керек. Олай болса, ойланып көріңізші, сіз ата-анаңызды қалай атап жүрсіз және олар үшін қандай жақсылық жасадыңыз?!
Алла Тағала Құранда: «Маған және әке-шешеңе шүкіршілік ет, қайта оралар жер менің құзырым», – деп ескертеді (Лұқман сүресі, 14-аят). Аллаға құлшылық ету мен ата-анаға жақсылық жасаудың бір аятта, бірінен соң бірі баяндалуы – бұл амалдардың бір-бірінсіз қабыл болмайтындығында. Абдулла ибн Аббастан (оған Алла разы болсын) келген риуаятта: «Үш аят үш түрлі нәрсеге байланысты болып түсті. Олар бір-бірінсіз қыбыл болмайды. «Намазды толық орындаңдар да зекет беріңдер» (Бақара сүресі, 43-аят). Кім намазын өтеп, зекетін бермесе, құлшылығы қабыл етілмейді. «Аллаға бойұсыныңдар және де Елшісіне бой ұсыныңдар!» (Ниса сүресі, 59-аят). Кім Аллаға бойұсынып, Оның Елшісіне бойұсынбаса, оның Аллаға бойұсынуы қабылданбайды. «Маған және ата-анаңа шүкір ет» (Лұқман сүресі, 14-аят). Кім Аллаға шүкіршілік етсе, бірақ ата-анасына шүкіршілік етпесе, онда Жаратушыға деген шүкіршілігі қабыл болмайды», – делінген.
Өкінішке орай, қазіргі уақытта ата-анасын сыйламау, сөзіне құлақ аспау, қарсы шығу, дөрекі сөйлеу, қол көтеру, әйелі мен бал-шағасының ақысын олардың ақысынан жоғары қою, қарттар үйіне өткізу сынды иісі мұсылман баласына теріс те жат оқиғалар орын алуда. Бұл қасіретті індет – дінімізде үлкен күнәларға жатады. Анастан (оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлкен күнәлар туралы: «Олар – Аллаға серік қосу және ата-ананы құрметтемеу», – деген (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен). Халық даналығында «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер», «Анаңа рақым етпесең, балаңнан рақым күтпе», «Әкесін сыйламаған кісіні, баласы сыйламайды» деген нақыл сөздер бар. Адам өзінің әкесімен, анасымен қандай қарым-қатынас жасаса, алдағы уақытта оған балалары да солай қарайды. Өйткені, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демей ме халқымыз. Алла ешқашан құлдарына жамандық тілемейді. Жамандықты тілеп алатын құлдарының өзі. «Амалына қарай табары» демекші, адам баласы іс-әрекетіне қарай жемісін алады. «Не ексең, соны орасың» дегендей кейде адам баласы басына келген қиыншылықтар мен қайғы-қасіреттердің себебі не екен деп ойға батса, әрбір қасіреттің астарында бір себеп барын байқайды. Тағдыр әрдайым әділетті түрде үкім береді. Құранда «Жақсылықтың нәтижесі жақсылықтан басқа не болады?» – деп (Рахман сүресі, 60-аят), жақсылық жасаушының ізгілікке тап болатыны айтылады. Осыған орай жамандық жасаушы да жамандыққа тап болады. Мұндай жиіркенішті істерді істемек түгілі ата-аналарға «түһ» деген сөздің өзін айтуға болмайды. Алла Тағала Құран Кәрімде былай бұйырады:
«Раббың тек қана Өзіне құлдық жасауды, әке-шешеге жақсы қарауды бұйырды. Ал, егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарында тұрған кезде қартайса, оларға «түһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып: Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр, – деп дұға жаса» (Исра сүресі, 23-24 аяттар). Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер «түһ» деп кейіс білдіруден де төмен нәрсе болса, Алла Тағала міндетті түрде одан да тыйған болар еді. Ата-анасына қарсы келген перзент қанша ізгі амал істесе де, жәннатқа кіре алмайды. Ал, ол екеуіне жақсылық етуші перзент қандай қателік істесе де, тоқаққа кірмейді», – деген.
Кейбір адамдар: «жолымыз болмай жүр, жұмысымыз жүрмей жатыр, ісіміз оңға баспай жатыр, қиыншылық, кедергілер жиілеп кетті, берекеміз қашты, жамандықтан көз ашпай кеттік», – деп шағымданады. Одан кейін тығырықтан шығу үшін әртүрлі жол іздейді. Расында, жолымыздың ашық болуына, өміріміздің ұзақ, ризық-несібеміздің мол әрі берекетті болуына әуелі Алла, кейін себепші ол – ата-анамыз екенін біле бермейтіндігіміз өте өкінішті. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім өмірінің ұзақ, ризығының мол және берекетті болуын қаласа ата-анасына жақсылық жасасын, туған-туыстарының да қамын ойласын», – деген (Ахмед ибн Ханбәл). Әке-шешенің баласына жасаған дұғасы күмәнсіз қабыл! Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) келген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үш түрлі дұға қабыл, оған еш күмән жоқ. Олар: зұлымдық көрген кісінің дұғасы, жолаушы кісінің және ата-анасының баласына жасаған дұғасы», – деген.
Абдулла ибн Амрдан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың ашуы – ата-ананың ашуында», – деген. Алла Тағаланың разылығына бөленгіңіз келсе, ата-анаңыздың разылығын алыңыз! Ол үшін салиқалы бала болыңыз! «Салиқалы бала» деп кімді атаймыз? Ол:
– Бір Аллаға сыйынып, Одан шынайы қорқатын,
– ауызында кәлимасы, жүрегінде иманы бар,
– Пайғамбар сүннетін берік ұстанған,
– салт-дәстүрін дәріптеп, «үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсеткен
– құлшылығы бүтін нағыз момын,
– мұсылмандық атына заты сай, яғни сөзі мен амалы тоғысқан,
– ата-анасына бойұсынып, айтқандарын екі етпей орындайтын,
– ата-анасына дөрекілік көрсетпей, алақанына салып аялайтын,
– өзі үшін дұға қылғанда, ата-анасы үшін де дұға ететін,
– ата–анасының атынан садақа беріп тұратын,
– ата-анасының туған-туысқандарымен әрдайым сыйласып, қарым-қатынасты үзбеген Алланың нағыз құл пендесі.
Иә, құрметті ағайын, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ата-анамызды ренжітіп, Алланың қаһарына ұшырап қалмай, олардың ақ батасын алып, Алланың разылығына ие болуға асығайық ағайын! Алла Тағала баршамызды сүйікті де салиқалы құлдарының қатарында болуды нәсіп еткей! Әмин!
Алмас Айткәрімұлы,
Шығыс Қазақстан облысы, Семей аймағына қарасты Аягөз аудандық орталық мешітінің бас имамы
Пікір қалдыру