ОРТАЛЫҚ ҚАШАН ҚҰРЫЛДЫ?
Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл ҚМДБ-ның бас кеңсесі Алматыдан елордаға толық көшкенге дейін пәтуа мамандары республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде отырып, электронды поштаға келген сұрақтарға және арнайы келген жамағаттың сауалына жауап бергенін айтады.
«2018 жылы Діни басқарма жаңа ғимаратқа көшкеннен кейін сол кездегі наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Сall орталық ашылған болатын. Алғашында имамдарымыз WhatsApp мессенджеріне де, телефон қоңырауына да жауап беретін. Бірақ екеуіне қатар жауап беру имамдарға
қиындық тудырды. Сондықтан былтыр наурыз айында Бас мүфти бастамасымен діни ақпарат беру орталығы ҚМДБ ғимаратына ауысып, мамандар тек телефон қоңырауына жауап беретін болып шешілді. Ал мессенджерге келіп түскен сұрақтарға жауап беру Нұр-Сұлтан өкілдігінің өзге имамдарына жүктелді. Қазіргі таңда көпшіліктің сауалына жауап беріп отырған бес имам білімі, біліктілігі мен тәжірибесіне қарай елорда мешіттерінен таңдалып алынды» дейді Хасан Аманқұл.
ДІНИ АҚПАРАТ ҚАНА ЕМЕС, КЕҢЕС ТЕ БЕРІЛЕДІ
Елордадағы «Ырыскелді қажы» мешітінің наиб имамы Рашид Абдуалиұлы Сall орталық ашылған уақыттан бастап қызмет істеп келеді. Оның айтуынша, күн сайын келіп түсетін діни сұрақтардың саны ай санап артпаса, кеміген емес. Нәзік мәселе болғандықтан, діни сауалдарға атүсті қарауға болмайды дейді ол.
«Алдымен хабарласушылардың қай өңірден, неше жаста екенін, діни ұстанымы, діннен хабары бар-жоғын сұрап аламыз. Өйткені деңгейін біліп алу маңызды. Соған қарай тіке немесе астарлап, кейде қазақы жалпақ тілмен де жауап беретін сәттер болады. Кей кісілер көкейіндегі сұрақты әркімге қойып, алған жауабына қанағаттанбай, былайша айтқанда күмәні сейілмей жүреді. Сондай болмас үшін шама келгенше сауал жолдаушының көңілін жайландырып, тұшымды жауап беруге тырысамыз.
Сауалдарға алдымен Құран аяты, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері, ҚМДБ мақұлдаған кітаптар мен шығарған пәтуаларға қарап жауап береміз. Кейбір хабарласушылар бізді пәтуа шығаратын бөлім деп ойлап қалады. Біз – тек халықтың сұрағына жауап берушілерміз. Күн өткен сайын әлемде өзгеріс те көбейіп, соған сай қоғамда түрлі сұрақтар туындап жатады. Арасында әлі нақты пәтуасы шықпаған сұрақтар да кездеседі. Ондай сұрақтарды тіркеп, Шариғат және пәтуа бөлімінің мамандарына жолдаймыз. Сұрақтар ай санап артып келеді. Мәселен, былтыр айына 700-800 сұраққа жауап берсек, биыл жыл басынан бері айына ай сайын 1000-1200 сұрақтарға жауап бердік. Сауалдардың дені отбасылық мәселелер, неке мен талақ, ғибадат, сауда-саттыққа қатысты болып келеді.
Кейде сауалдарға жауап беріп қана қоймай, ақыл-кеңесімізді де айтып отырамыз. Мысалы, «Сапарда жүр едім, дәрет алуға мүмкіндік жоқ. Намазым қаза болайын деп тұр, не істеймін?» деп сұрақ қояды. Сұрақ қоюшы жас адам болса, оған: «Таңертең оянып тіршілікке кіріспес бұрын «Бүгін не істеймін?», «Қай жұмысты бірінші бітіруім керек?», «Намаздарымды қалай, қай жерде оқимын?» дегендей ойланып алу керек. Жолға шықсаңыз, оны ескеріп, өзіңізбен қажетті су, жайнамаз алыңыз. Осылай себебін жасап алсаңыз, мұндай мәселе туындамайды» деп жауап береміз. Мұндай сұрақтарды хабарласушылар білім деңгейінің төмендігінен емес, соған лайықты көңіл бөлмегеннен қояды. Сол себепті мұндай жағдайда тәйәммум немесе басқалай дәрет алудың жолдарын айтып-түсіндірумен қатар ақыл-кеңесімізді айтамыз» дейді Рашид Абдуалиұлы.
ТЕЛЕФОН ҚОҢЫРАУЫ ҚҰЛАҚ ТҮБІНДЕ ҚАЛЫП ҚОЯДЫ
«Әлжан ана» мешітінің наиб имамы Төлеген Арғынбайұлы да Сall-орталық құрылғаннан бері көпшіліктің діни сауалына жауап беріп келеді. Оның айтуынша, алғашқы кезде телефонға отыз шақты имам ауысып жауап беріпті.
«Әлі есімде, алғашқы кезекшілікке 2019 жылдың қаңтар айының алғашқы аптасында түстім. Елорда мешіттерінің отызға жуық имамы кезекпен сұрақтарға жауап беріп жүрді. Кейін нақты жауапты мамандар бекітіліп, бүгінде бес имам ҚМДБ ғимаратындағы Сall орталықта ауысыммен жұмыс істеп келеміз. Негізгі қызметіміз мешітте болғандықтан, кейде мешіттің кезекшілігінен шығып, Сall-орталыққа немесе мұндағы кезекшіліктен шығып, мешіттегі кезекшілігімізді атқарып кете береміз. Сұрақтар тым көп қойылатындықтан, телефон қоңырауы құлақтан кетпей, үйде немесе басқа жерде отырғанда да біреу хабарласып жатқандай сезілетіні бар.
Екі жылда біраз тәжірибе жинадық. Қазір таңертең, түсте, кеште қандай сұрақтар қойылатынын жобалап біліп отырамыз. Әсіресе түнде қиын жағдайға тап болған немесе отбасында мәселе туындаған адамдар хабарласады. Үйінде кісі қайтыс болып, «Мәйітті қалай жуамыз, қалай кебіндейміз?» деп сұрайтындар да бар. Анда-санда өзара тартысқа түсіп, шешімін бізден сұрап хабарласатындар да кездеседі. Ондай кезде қасындағы кісінің күбірлеген дауысынан білеміз» дейді Төлеген Арғынбайұлы.
Call орталық мамандары қойылған сұрақтарды арнайы кестеге тіркеп отырады. Еліміздің түкпір-түкпірінен хабарласатындықтан, орыс тілінде де сұрақтар жиі қойылады екен. Күнделікті хабарласушылардың 30-40%-ы сауалын орыс тілінде жолдайды.
Діни ақпарат беру орталығының тағы бір қызметкері, «әл-Ғани» мешітінің наиб имамы Абдусамат Өмірбеков жауап беруге қиналатын сұрақтар да кездесіп тұратынын айтады. «Кейде шариғатта, кітаптарда айтылмаған, яғни таңдауды адамның өзі шешетін мәселелермен хабарласып, кеңес сұрайды. Сондай сұрақтарға жауап беру қиынға соғады.
Сонымен бірге қайырымдылық көмек сұрап хабарласушыларға «Зекет және қайырымдылық қорына», нақты бір өнімнің құрамы, халал сертификатына қатысты сұрақ қоюшыларға «Халал Даму» мекемесіне хабарласу керектігін айтамыз. Ерлі-зайыптылардың ажырасуы өте өзекті әрі біржақты қарамайтын мәселе болғандықтан, оларға өңірдегі пәтуа мамандарына жолығуын сұраймыз» дейді Абдусамат Өмірбеков.
РАМАЗАН АЙЫ МЕН ЖҰМА КҮНДЕРІ ҚОҢЫРАУ ЖИІЛЕЙДІ
«Таңғы сағат 10-нан түскі 2-ге дейін, кешкі сағат 6-дан түнгі 10-ға дейін сұрақтар көп қойылады. Ал таң намазы, бесін және ақшам намазы уақытында қоңырау бәсеңдейді. Рамазан айында, діни мерекелерде, жұма күндері қоңырау жиілейді. Қазір қалта телефон өте ыңғайлы болды. Еліміздің батыс-шығысынан, оңтүстік-солтүстігінен, мейлі көлікте, мейлі пойызда кетіп бара жатса да, хабарласып сұрақ қояды» дейді «Шейх Кунта қажы» мешітінің наиб имамы Данияр Байдуллаев.
Оның айтуынша, хабарласушылардың көп болғаны соншалық, былтыр Рамазан айында Сall орталықтың бір ауысымында екі имам жұмыс істеген.
«Басқа күндерге қарағанда жұма күні хабарласатындар тым көп болады» дейді Сall орталықтың ең жас әрі оператор қызметіне орналасқанына көп болмаған «Рақымқызы Раиса ана» мешітінің наиб имамы Ілияс Отар.
«Call орталыққа келгеніме жарты жылдан енді асты. Осы уақытқа дейін байқағаным, жұма күнгі кезекшілік ауыр өтеді. Түске дейін әр өңірден 70-ке жуық адам хабарласып «Жұма оқыла ма?» деп сұрайды. Сұрақ қоюшылар ішінде жеке нөміріме хабарласатындар да бар. Олардың дінге деген ықыласына, білімге деген құштарлығына тәнті боласың. Құран аяттары, дұғаларды, азанды дұрыс айтып, оқып жүргенін тексертіп жүретін бір кісі бар. Ол тұрақты хабарласып, діни сұрағын жолдап отырады. Кейде қиын сұрақтар, басқа саламен байланысты сұрақтар қойылады. Оларға сол сәтте жауап бермесек те, тіркеп қоямыз. Сосын пәтуа мамандарымен, ұстаздармен ақылдасып, кітаптардан қарап, кейін сол кісіге өзіміз қоңырау шалып, сұрағына жауап береміз. Әйтеуір қойылған сауалдарды жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Өйткені көптің көкейіндегі діни сұрақ – біз үшін үлкен жауапкершілік. Сондай-ақ «жолда қалып кеттім» деп хабарласқан кісілерді жергілікті имамдармен байланыстырған кездер де болды. Әрине «бізге қатысы жоқ, тек діни сұрақтарға жауап береміз» деп отыра беруге де болады. Бірақ адамгершілікті, имандылықты насихаттап отырғаннан кейін, мұндай жағдайда да қол ұшын созуымыз қажет» дейді Ілияс Отар.
Байқағанымыздай, Діни ақпарат беру орталығына хабарласушылар өте көп. Әйтсе де ел тұрғындары толық хабардар болуы үшін Сall орталықты әлеуметтік желілерде насихаттау үзілмейді. Аптасына бір рет жұма күні ҚМДБ Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің ұйымдастыруымен @muftiyat Instagram парақшасында «Call орталықтағы сұрақ-жауап» жобасы өтеді. Оған ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшелері, бөлім басшылары мен мамандары қатысып, әлеуметтік желі қолданушылары мен Сall орталыққа хабарласушылардың сауалына жауап беруді игі дәстүрге айналдырды.
Ерназар ЕСҚАЛИ,
Суреттерді түсірген Қайсар Тұрлыбеков
«Мұнара» газеті, №6, 2021 жыл
Пікір қалдыру