Жан тапсыру кезінде мүмінді бес қуаныш күтеді…

Иса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) Алланың рұқсатымен өлілерді тірілтетін болған. Кейбір иман келтірмегендер Исаға (оған Алланың сәлемі болсын): «Расында, сен өлілерді тірілтесің, бірақ сен жуырда ғана өлген адамды тірілттің, мүмкін ол әлі өлмеген шығар. Бұл өмірден бұрында озған адамды тірілт», – деген уәж айтады. Сонда Иса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын): «Кез-келген өлген адамды таңдаңдар» дейді. Олар болса: «Бізге Сам бин Нухты (Нұхтың баласы Сәмді) тірілтіп бер», – дейді. Иса (оған Алланың сәлемі болсын) Сам бин Нухтың қабіріне келіп, екі ракағат намаз оқып, Аллаға дұға жасайды. Сонда Алла Сам бин Нухты тірілтеді,  тірілген Сам бин Нухтың сақалы мен шашы ағарып кеткен болады.

Одан: «Саған не болған? Сен бұл өмірден жас кезіңде кетпеп пе едің?», – деп сұрайды. Сонда Сам: «Қатты гүрсілді естігенде Қиямет күні болды ма деп ойлап қалдым. Үрейден шашым мен сақалым ағарып кетті» дейді. «Сенің өлгеніңнен бері қанша уақыт өтті?» деп сұрағанда Сам: «Төрт мың жыл өтсе де, ажал елтуінен арылмадым», – деп жауап береді.

Елдер Ибраһим бин Адхамға (оған Алла разы болсын) келіп, оған: «Егер бізбен мәжіліс құрсаң, біз сенен насихат естір едік» дейді. Сонда Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) былай деген екен: «Мен төрт істі ойланудамын. Егер солардан қолым босаса онда сендердің қастарыңа отыра аламын.

Біріншісі. Мен Қиямет күні туралы ойланудамын. Алла Тағала: «Міне, осы топ Жұмақта болады, ал мына топ Тозақта болады» дейді. Қай топта болатынымды білмеймін.

Екіншісі. Шындығында, Алла Тағаланың қалауымен әйел адамның аяғы ауыр болып, көктен сәбидің жаны түскенде, нәресте сеніп тапсырылған періште сәбидің тағдыры жайлы: «Уа, Алла, бұл бала тақуалардың сапынан ба әлде нашарлардың қатарынан бола ма?» деп сұрайды. Сол кездегі Алланың мен туралы айтқан жауабын білмеймін.

Үшіншісі. Менің жанымды алуға ажал періштесі келгенде, ол менен: «Сен мұсылмандардансың ба әлде иман келтірмегендерденсің бе?» деп сұрайды. Мен жауабымның қандай болатынын білмеймін.

Төртіншісі. Алла Тағаланың күнәһарларға: «Бүгін күнәһарлар тақуалардан бөлініңдер», – деп айтатын сөзі туралы ойланудамын. Қай топқа жататынымды білмеймін».

Егер Ұлы Алла бір адамды бейқам ұйқыдан оятса ол үшін не деген бақыт! Біз соңғы сәтімізде Жаратушы бізді қуантуы үшін Алладан игі амалдар жасауды сұраймыз. Өйткені, мүміндерге Алланың қуанышы өлім кезінде келеді. Бұл жөнінде Құранда былай айтылған:

«Кімде-кім былай айтар болса: біздің Жаратушымыз  Алла дегендер, хақ жолда, яғни, Аллаға және Оның Елшісіне иман келтіргендер, парыздарын (міндетті амалдарын) өтеп, өздерін харамнан (тыйым салғаннан) тыйғандар».

Яхья бин Муғаз осы сөздерді түсіндіре отырып, былай деген:

«Бұл адамдар сөздерінде де істерінде де адал болғандар. Аллаға иман келтіріп, хақ жолды ұстанғандарды қорқытпау және қамықтырмас үшін оларды қуантып әрі былай айтатын періштелер түседі: «Сендерге уәде етілген Жұмаққа қуаныңдар».
Сондай-ақ, тағы да былай айтылған:  «Мүміндердің өлімі кезінде оларды 5 қуаныш күтеді.

1. Барлық мүміндерге былай айтылады:

«Мәңгілік азаптан қорықпаңдар, яғни, сендерге пайғамбарлар мен әулиелер шапағатшы болады. Сендердің соңғы орындарың Жұмақ болады».

2. Амалдарын көрсету үшін жасамаған шынайы иман келтіргендерге былай айтылатын болады:

«Қорықпаңдар, сендердің амалдарың қабыл болды, ал сауаптарың екі еселенеді».

3. Тәубе келтіргендерге былай айтылады:

«Жасаған күнәларыңнан қорықпаңдар, расында, сендердің күнәларың кешірілді».

4. Тақуаларға былай айтылады:

«Қайта тірілуден, есеп беруден қорықпаңдар да қамықпаңдар, сендерге Жұмақ сыйланады».

5. Адамдарды жақсылыққа үйретіп, өз білімдеріне сай амалдар жасаған ғалымдарға былай айтылады:

«Қиямет күнгі қорқыныштан қорықпаңдар да қамықпаңдар, өйткені Алла сендердің амалдарыңа сай сый береді. Сендерге және сендерге ілесушілерге Жұмақтық сый беріледі».

Бұл адамдар үшін неткен қуаныш! Мұндай бақытқа шынайы әрі лайықты түрде амалдар жасаған мүміндер ғана лайық. Осындай мүміндерге періштелер түсіп, былай айтады:

«Сендер кімсіңдер? Сендердің жүздеріңдей көркем жүзді көрмедік, сендердің иістеріңдей жағымды иісті сезбедік». Содан кейін бұл періштелер: «Біз сендердің қорғаушыларымыз әрі Ақыретте сендердің достарың боламыз».

Ақыл иесіне бейқам ұйқыдан ояну қажет! Бейқам ұйқыдан ояна салған адам асыға Ақырет үшін амалдар жасап, білім мен ыждаһатпен діннің бұйырғандарын орындайды, ал адамдарға қатысты жақсы қарым-қатынаста болады.

www.muftyat.kz