АҚИҚА БЕРУДІҢ ҮКІМІ ҚАНДАЙ?

Ақиқа – араб тілінде «туылған нәрестенің шашы» дегенді білдіреді. Ал, шариғаттағы мағынасы: «Ол – сәбидің дүниеге келуіне орай Алла Тағалаға шүкіршілік ретінде сойылатын құрбандық».

Ақиқа құрбандығына байланысты Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хасан мен Хүсейнге бір-бір қойдан сойғандығы туралы риуаят келген[1]. Сондай-ақ туылған ұл балаға екі, қыз балаға бір қой сойылатыны жайында да хадистер жеткен[2]. Осы деректерді алға тартып ақиқаның үкімін сүннет деген ғалымдар бар.

Ханафи мәзһабы бойынша ақиқаның үкімі мубах (яғни істеуі немесе істемеуі адамның өз еркінде). Өйткені құрбандықтың бұл түрі исламның алғашқы уақытына болып, одан кейін құрбан айт құрбандығымен күші жойылған. Оған Айша анамыздан, Алиден (Алла олардан разы болсын) жеткен:

نسخت الأضحية كل دم كان قبلها

«Құрбан айттағы құрбандық өзінен бұрынғылардың үкімін жойды»[3], – деген риуаяттар дәлел болады. Ақиқа, атира [4] секілді құрбан айт құрбандығынан бұрын орын алған. Сондай-ақ Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ақиқа туралы сұрағанда:

إن الله (تعالى) لا يحب العقوق من شاء فليعق عن الغلام شاتين و عن الجارية شاة

«Расында Алла Тағала ата-анаға қарсы шығуды немесе ақиқ болуды ұнатпайды. Кімде-кім қаласа ақиқа құрбандығына ұл балаға екі, қыз балаға бір қойды шалсын» [5], – деп жауап берген.

Бұл хадис ақиқаның үкімі сүннет дегенді жоққа шығарады. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ақиқаның орындалуын адамның өз еркіне салды. Демек бұл мубахты білдіреді [6]. Бұл пікірді имам Тахауи, ибн Абин секілді ғалымдар құптаған[7].

Қорыта айтқанда, ақиқа құрбандығын шалу мубах. Мүмкіндігі болса, қыз балаға бір қой, ұл балаға екі қой сойылады. Ақиқа құрбандығын жетінші күннен бастап, балиғат жасына жеткенге дейін шалуға болады. Ақиқа құрбандық етін шалған адамның өзі жейді немесе көпшілікке дастархан жайып, дәм таттырады.

Асқар Дарханбаев,

Алматы қаласындағы «Омар ибн әл-Хаттаб»

мешітінің наиб имамы  

[1] Әбу Дәуіт, 3/261-262.

[2] Термизи 1516, Насаи 4217.

[3] Байһақи, Сунан ал-Кибар, 9/439. Әл-Һинди, кәнзу әл-уммал, 5/860. №14564.

[4] Жәһилет дәуірінде бір кісінің түйесі немесе қойы туса, бірінші баласын сойып өзі жеп және басқаларды да тамақтандыратын болған. Бұл сойылған малды атира деп атайтын.

[5] Ахмад, 2/182-194. Әбу Дәуіт, 3/262, №2842. Нәсәи, 7/162-163.

[6] Кәсәни, Бәдәи ас-санаиғ, 6/298.

[7] Тахауи, Мухтасар әт-Тахауй,  299. Ибн Абидин, Әл-Ғуқуқ әд-Дария,  2/212. Және Радду әл-мухтар, 6/650.