Әби Абдурахман Абдолла ибн Омардан риуаят етіледі: Пайғамбарымыз (с.а.у) естідім «Ислам діні бес негізден тұрады: Алладан басқа тәңір жоқтығына және Мұхаммедтің (с.а.с.) Алла Тағала жіберген шынайы елші екендігіне куәлік келтіру, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын ұстау, (шамасы келсе) қажылыққа бару»делінген. Бес парыздың бірі зекет, зекет беру парыз болғандықтан, Абай атамыз да өзінің өлеңінде «Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс, Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс…» деп келтіреді. Абай хәкімнің түсінуінше, жақсы мұсылман болу бес парызды бір-бірінен бөле-жармай тегіс ұстанумен байланысты.
Дәулетті мұсылмандардың жылына бір рет малының, дүние-мүлкінің, дәулетінің қырықтан бір бөлігін зекет ретінде беруінің астарында үлкен мән жатыр. Тарқатып айтар болсақ, ол қоғамға қарасуға, қайырымдылық жасауға, жанашырлыққа жатады. Берілген зекеттер сол қоғамдағы мұқтаж жандарға, басқа да игілікті істерге жаратылатындықтан, бұл сол қоғамның қайырымды бола түсуіне жол ашады. Әбу Насыр әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты еңбегінде қайырымды қала қалыптастыратын тұрғындарды беске бөледі: ең құрметті адамдар, шешендер, өлшеушілер, жауынгерлер және байлар. Ойшылдың қайырымды қала қалыптастыруда байларды атауы тегін емес. Ислам діні адамды ақ, адал еңбегімен дәулетті болуға шақырады. «Әлсіз мұсылманға қарағанда Алла әлді мұсылманды анағұрлым көбірек жақсы көреді» деген хадистен де бұны байқауға болады. Өйткені мұсылманның түсінігінде дәулетті болу көп жақсылық жасауға мүмкіндік береді. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз ﷺ да дәулеттілердің арасында байлығын қайырымдылық жолда көп жұмсайтындардың аз екендігіне қынжылған. «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Бұл (Рамазан) айда үлкенді-кішілі жақсылық жасаған адам басқа айларда бір парызды орындағандай сауап алады. Бұл айда бір парызды орындау — басқа айлардағы жетпіс парыз болып есептеледі (Сауабын алады)-деген.
Бес парыздың бірі зекетті Рамазан айында орындап, жетпіс парыздың сауабынан үміт еткен Семей қаласының кәсіпкері SES фирмасының директоры Серіков Ербол Серікұлы мырза Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешітінде Зекет қорының ұйымдастыруымен «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» атты қайырымдылық акциясы аясында, жүз отбасына 25 кг ұннан, 25 кг күріштен, 3 литр майдан, жалпы соммасы 1.400.000 теңгенің азық-түлігін, өзінің істеп жатқан кәсібінің зекетінен мұқтаж отбасыларға таратып берді. Рамазан айының соңғы күні жасалған қайырымдылықтан үлес тиген мұқтаж жандар кәсіпкерге ризалығын білдіріп, баталарын беріп жатты. Ербол бауырымыздың істеп жатқан кәсібіне Алла береке беріп, денсаулығы мен отбасына тыныштық пен амандық берсін амин.
Семей Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешітінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдыру