Дауыл, жел Алла Тағаланың жаратқан жаратылыстарының бірі. Оны пенделердің пайдасына бойұсынрып қойған. Жел кейде мейірімділік ретінде келсе, кейде азап болып та келеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
الريح من رَوْحِ الله تأتي بالرحمة، وتأتي بالعذاب، فلا تَسُبُّوها وسلوا الله خيرها واستعيذوا من شرِّها
«Жел – Алла Тағаланың рахметі, оны (пенделеріне) рахым етіп және азап ретінде жібереді. Егер дауылды көрсеңдер оны сөкпеңдер. Алладан оның жақсылығын сұрап, жамандығынан пана тілеңдер»[1], – деген.
Имам Шафиғи: «Желді балағаттауға болмайды. Себебі, ол Алла Тағаланың жаратқаны және Оның әмірімен болады. Сондай-ақ ол Алланың әскері, оны қаласа жақсылық ретінде немесе жамандық ретінде жібереді»[2],-дейді.
Сол үшін мұсылмандар қатты дауыл соққанда Алланың қаһарынан қорқып, азабынан пана тілеу қажет. Айша анамыз (р.а.) былай дейді: «Егер жел тұратын болса Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
اللَّهُمَّ إِني أَسْأَلُكَ خَيْرَهَا ، وَخَيْرِ مَا فِيهَا ، وخَيْر ما أُرسِلَتْ بِهِ ، وَأَعُوذُ بك مِنْ شَرِّها ، وَشَرِّ ما فِيها ، وَشَرِّ ما أُرسِلَت بِهِ
«Уа, Алла! Сенен желдің жақсылығын, жел алып келетін жақсылықты және желдің жіберілуіндегі жақсылықты сұраймын. Әрі желдің жамандығынан, жел алып келетін жамандықтан және желдің жіберілуіндегі жамандықтан пана тілеймін», – деп дұға етуші еді»[3].
Қорыта айтқанда, жел Алланың жаратқан бір жаратылысы. Онымен рахмет те азап та келеді. Егер қатты жел немесе дауыл соққанда оны сөкпей, жоғарыдағы келген дұғаны айқан жөн.
Махамбет Бисенов Ақтөбе облысы бойынша пәтуаға жауапты маман
[1] Әбу Дәуіт, №5097.
[2] Шафиғи, «әл-Умм», 1/224.
[3] Муслим, №899.
Пікір қалдыру