ҚМДБ: «ИХСАН – ТӘРБИЕ НЕГІЗІ» КІТАБЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ (ФОТО)

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚМДБ ғимаратында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен жарыққа шыққан «Ихсан – тәрбие негізі» кітабының танытымы өтті.
Іс-шараға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері – Мырзатай Жолдасбеков, Оралбай Әбдікәрімұлы, Әділ Ахметов, Бақытжан Ертаев, Ғарифолла Есім, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет және Діни басқарманың бөлім басшылары мен облыс имамдары қатысты.

Игі іс-шара қасиетті Құран оқумен басталып, Бас мүфти жиынға қатысушыларға ізгі тілегі мен алғысын білдірді. Наурызбай қажы Тағанұлы ихсанның бақытын иманнан іздеген жұртымыздың жүрегіне жақын ілім екенін айта келіп: «Ихсан ілімі әуелі пенденің Аллаға деген бойсұнуынан басталады. Адам баласының Аллаға деген ихсаны: алдымен иман келтіру, бұйырған амалдарын орындау, барлық тыйым салған нәрселерден аулақ болу, ізгі амалдарды арттыру. Құранда: «Негізінде Алла әділдікті, игілікті (ихсанды) және ағайынға қарайласуды бұйырады. Сондай-ақ арсыздықтан, жамандықтан және зорлық-зомбылықтан тыяды. Түсінерсіңдер деп сендерге (осылайша) насихат береді», – деп баяндалған («Нахл» сүресі, 90-аят). Осы аят еліміздегі мұсылман қауымының жүрегіне жетіп, ғибрат алар деген үміттеміз» деді.

ҚМДБ Төрағасы өз сөзінде жаңа кітаптың жаңашылдығына тоқталып, осы кітапты шығаруға ыждаһаттылықпен үлес қосқан азаматтарға алғыс айтты.

«Бұл кітаптан әрбір адамға аса қажет ықылас, ниет, ыждаһат, тұрақтылық, тиянақтылық, Аллаға, Құранға, Пайғамбарға деген махаббат, нәпсімен күресу жолдары, жүрек дертінен арылу, рух тазалығы, тіл тазалығы сынды көркем мінезді қалыптастыратын сипаттарды тұлабойымызға сіңіру қажеттігін түсінеміз. Сонымен қатар, ата-ана, бала-шаға, көрші-қолаң, ағайын-туыс, айналадағы адамдардың ақысы жайлы құнды насихаттар жазылып, жаман әдеттерден арылудың жолдары көрсетілді» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Жиынның құрметті қонақтары да құнды еңбектің жарық көруімен құттықтап, Діни басқарманың игі бастамаларына жылы лебіз білдірді.

Айта кетейік, «Ихсан – тәрбие негізі» кітабында «Жаратушы Аллаға ихсан», «Тұлғалық ихсан», «Ихсан және қоғам» сынды тараулар қамтылып, Ислам ғұламаларының ихсан ілімі жайлы ой-толғамдары берілген.