Уа, иман келтіргендер! Міндетсініп, жақсылық жасаған адамыңды ренжітер әрекеттер жасау арқылы жасаған жақсылықтарыңның жоққа шығарып жүрмеңдер! Бақара сүресі, 264-аят.
Иә, негізі адам баласы жасаған жақсылығының сауабын бір Алладан ғана үміт етіп, қарсы тарапқа міндетсініп, көңілін қалдырып алудан сақтанса, тіпті керек болса, оны өзінің сауапқа кенелуіне мүмкіндік беруші деп қабылдаса ғана ізгі амалының қарымтасын толықтай Алладан көру бақытына қауышары сөзсіз.
Ал, керісінше жақсылығымызды міндет қылып, адамдарды ренжітетін болсақ, мұндай жақсылықты баста істемей-ақ қойғанымыз абзал. Себебі, аятта айтылғандай сауабымыз босқа кетеді. Ішіміздегі жасырын сырымыз жаңбыр шайған тастай болып ортаға шығады. Екі ортада жаман атымыз қалады. Басқаның көңілін түсіреміз. Арғы дүниеде өкініп қалуымыз бек мүмкін.
Осы орайда мынадай бір оқиғаны айта кетуді жөн көріп отырмын. Бірде бір кісі жаңбырдың астында қалып қойып, үйіне қарай асығып бара жатады. Мұны байқап қалған басқа бір ауылдасы оған терезеден шығарып, қол шатырын береді. Анау қолшатырды алып, рахметін айтып жүрісін жалғастырады. Арадан күндер өткен соң бір отырыста екеуі кезігіп қалады. Қолшатыр берген кісі көптің көзінше “Өткенде су болмай аман-есен үйіңізге жетіп алдыңыз ба?!” – деп сұрайды. Ана кісі “Иә, аман-есен жеттім”, – деп алғысын айтады. Анау әр кездескен сайын осылай айта берсе керек. Содан бір күні шыдамы таусылған әлгі кісі “Сол қолшатырыңызды бермей-ақ, үйге су-су боп қайтқаным жақсы болар ма еді?!” – деп ренжіген екен.
Бірақ бұл сөздеріміз – жақсылық жасаушы тараптың сақтауы тиіс әдептер. Әйтпесе, қарсы жақ еш алғыс айтпасын деген нәрсе жоқ. Керісінше, ол кісі де Пайғамбар өсиеттерінде айтылғандай сыйға сыймен жауап қайтарып, оған шамасы келмесе жылы лебізі мен ізгі дұға-тілегін білдіруі дұрыс болады. Халқымыздың “Бір күн асын ішкенге, қырық күн сәлем бер”, – деген даналығын да естен шығармауымыз ләзім.
Алла елшісі (с.а.с.) “Адамдарға алғыс айта алмаған, Аллаға да шүкір ете алмайды”, – деген өсиет қалдырған.
Семей қалалық Тыныбай мешітінің наиб имамы Серіков Қуаныш
Пікір қалдыру