ҚМДБ талаптарын өрескел бұзып, кіші қажылыққа 143 Қазақстан азаматын апарған туристік компанияның екпе салдыруға байланысты жалған құжат әзірлегені анықталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі ресми түрде мәлімдеді. Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тағы да төмендегіні мәлімдейді:
Біріншіден, Қазақстан азаматтары үшін қажылық сапары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты Қажылық миссиясының ұйымдастыруымен және миссияның тиісті талаптары мен нұсқамалары негізінде жүзеге асады.
Екіншіден, ҚМДБ және Сауд Арабия Корольдігінің Қажылық министрлігі арасында қабылданған ресми келісім құжатына сәйкес, қажылыққа қатысты ресми құжаттарды рәсімдеу, тиісті мекемелермен келіссөздер жүргізу, т.б. іс-шаралар Діни басқарма тарапынан орындалады.
Үшіншіден, ҚМДБ қажылық сапарының Ислам шариғаты мен Әбу Ханифа мәзһабы негізінде орындалуын қадағалайды.
Төртіншіден, қажылық сапарына ниет еткен азаматтар ҚМДБ Қажылық бөлімінің нұсқамалары, кеңестері мен ресми ақпараттарына сәйкес шешім қабылдауы қажет екенін жеткіземіз.
Бесінші, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті хадис-шарифтерінің бірінде: «Бізді алдаған адам бізден емес» деген. Қажылық сапары алдында жалған құжат жасап, шариғат пен заң талаптарына сәйкес келмейтін әрекетке бару күнә әрі қылмыстық іс екенін жеткіземіз.
Пікір қалдыру