Ислам жыл санауы бойынша жыл басы болып саналатын Мухаррам айы – қасиетті Құран Кәрімде құрметтелген төрт айдың бірі болып саналады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Расында Алланың қасында көктер мен жерлерді жаратқалы Алланың кітабындағы айлардың саны он екі. Олардың төртеуі (Зүлқағда, Зулхиджа, Мұхаррам және Рәжап) құрметті айлар» (Тәубе сүресінің 36 аяты).
Мухаррам оныншы күні – Ашура күні деп аталады. Ашура – «ашара» сөзінен шыққан, мағынасы «он», – дегенді білдіреді. Ал хадис кітаптарында бұл күннің Ашура аталуының себебі Алла тағала осы күні он пайғамбарға он түрлі сый жасаған деген деректер бар. Алла Елшісі (с.ғ.с.) Табарани риуаят еткен хадисінде: «Ашура күні Нұх алейһиссаламның кемесі Жуди тауына отырды. Ол күні Нұх және қасындағылар, Алла тағалаға шүкір ету үшін ораза тұтқан еді. Жануарлар да ешнәрсе жемеген еді. Алла тағала теңізді Бәни Исраил қауымы үшін ашура күні жарды. Және ашура күні Алла тағала Адам алейһиссаламның және Юнус алейһиссалам қауымының тәубесін қабыл етті. Ибраһим алейһиссалам да осы күні туылды»-деген.
Ашура күні жасалатын жақсы амалдар:
Ораза ұстау. Ашура күні ораза ұстау – сүннетке жатады. Кейбір деректерде осы күні ауыз бекіткен адамға шейіт сауабындай сауаптар жазылатындығы айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға келген кезде яһудилердің ашура күні ораза ұстағанын көріп: «Бұл қандай ораза?» -деп сұрады. Оған : Бұл – ұлы күн. Алла бұл күні Мұса мен Исрайл ұрпағын дұшпандардан құтқарған. Сондықтан осы күні Мұса ораза ұстайтын” – деп жауап қайтарды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с)сонда: ” Мен Мұсаға сендерге қарағанда әлдеқайда жақынмын” – деді де, Ашура күні ораза ұстауды әмір етті.
Ашура күнінің оразасының сауабы жөнінде Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде:
«Ашура күні ораза тұтқан адамның бір жылдық күнәлары кешіріледі».
«Ашураның құндылығынан пайдаланыңдар! Бұл қасиетті күнде ораза тұтқан адам періштелер, пайғамбарлар, шәһидтер және салихтердің ғибадаттарындай сауапқа қауышады». (Шира).
«Бәріне естіртіңдер! Бүгін бір нәрсе жеген адам, кешке дейін ешнәрсе жемесін, аузы берік секілді жүрсін! Әлі ешнәрсе жемеген адам ораза тұтсын! Өйткені бүгін ашура күні»,- деген екен.
Ашура күнінің оразасына қоса мұхаррам айының тоғызыншы күні ораза тұтқан абзал. Имам Мусилим риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыз: «Алла қаласа, келесі жылы тоғызыншы күні де ораза тұтармыз» -деп айтқан екен. Ал Ашура күніне бір күн қосудың себебі яхудилерге ұқсамау болып табылады.
Туған-туыстарды зиярат ету. Туыстарға қонаққа барып, оларға сыйлық беріп, әртүрлі көмектермен көңілдеріне шаттық сыйлау керек. Хадис шәрифте: «Сила-и рахимді тәрк еткен адам, ашура күні туыстарына қонаққа барса, Яхйа және Иса алейһиссаламның сауабындай сауапқа қауышады» – деп ескертілген.
Садақа беру. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Ашура күні түйірдей садақа берген адам Ухуд тауындай сауапқа қауышады» делінген.
Сәлем беру. Хадисте: «Ашура күні он мұсылманға сәлем берген адам бүкіл мұсылмандарға сәлем бергендей сауапқа қауышады»,- дейді
Білім үйрену. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Ашура күні ілім үйреніліп жатқан немесе Алла тағала зікір етіліп жатқан жерде біраз отырған адам жәннатқа кіреді» – деп айтылған.
Отбасын қуанту. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисте: «Ашура күні жанұясының напақасын мол ұстаған адамның бүкіл бір жылғы напақасы мол болады», – дейді.
Ғұсыл алу. Хадисте: «Ашура күні ғұсыл алған мұсылман күнәлардан тазарады»,- деген.
Дұға жасау. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім мухаррам айының алғашқы күнінде төмендегі дұғаны 3 рет оқыса, Алла Тағала ол адамды келесі мухаррам айына дейін барлық бәле-жаладан сақтайды»,- деген екен.
Әлхамдулилләһи Раббил-аләмин. Уассалату уәссәламу ала сәйидина Мухаммадин уә ала алиһи уә сахбиһи әжмаин. Алламма әнтәл-әбадиул-қадим, әл-хайул карим, әл-ханнан, әл-мәннан. Һазиһи сәнәтун жәдидәтун. Әсәлука фиһәл-исмәтә минәшшайтанирражим, уәл аунә ала һазиһиннәфсил-әммарати биссуи уәл-иштиғалә бимә юқаррибуни иләйкә, йа зәл-жәлали уәл-икрам, бирахматикә йа әрхамаррахимин. Уә саллАлла уә сәлләмә ала сәйидина уә нәбиинә Мухаммедин уә ала алиһи уә сахбиһи уә әһли бәйтиһи әжмаин».
Алла Тағала барша мұсылманның Ашура күніндегі жасаған дұға – тілектерін қабыл етіп, Жаратушы Иеміздің разылығына бөленетін салиқалы пенделердің қатарында болуымызды нәсіп етсін! Аумин.
Мақсат қажы Алтыбай,
Семей қаласындағы Тыныбай мешітінің бас имамы.
Пікір қалдыру