Ислам діні ер мен әйелге білім алуды міндеттейді. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім алу мұсылман ер мен әйелге парыз», – деген.
Тағы бір хадис-шарифте: «Ғылым-білім үйреніңдер. Алла үшін білім алу – Алладан қорқу. Ал іздену – Алланы пәктеу. Ал оны (қиындығына шыдап) зерттеп-зерделеу – Алла жолында күресу. Оны білмегенге жеткізу – садақа!» делінген.
Бұл хадистен өзгелерге білім үйрету Алла жолында жасалған үлкен садақаның бірі екенін түсінеміз. Исламда білім алудың маңызы үлкен. Алла Тағала ілім иесінің дәрежесін екі дүниеде де арттырып қояды екен. Қасиетті кітабымыз Құранда: «Мәжіліс кезінде сендерге: «Кеңірек, еркін отыруға бір-біріңе мүмкіндік беріңдер», – деп айтылса, жылжып орын беріңдер. (Ниеттеріңе қарай) Алла сендерді де кеңірек орынмен жарылқайды. Ал егер де: «(Орындарыңнан) тұрыңдар» десе, дереу тұрыңдар. Алла араларыңдағы иман келтіргендер мен білім иелерінің дәрежелерін көтереді. Алла сендердің істеген істеріңнің барлығынан да хабардар» («Әл-Мужәдала» сүресі, 11-аят), – делінген.
Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы имамдар мен шәкірттердің білімін көтеру бағытында игі жобаларды жүзеге асыруда. Жаратушы Жаббар Иеміз шәкірттерімізді білімді етіп, елі мен жеріне, діні мен дәстүріне қызмет ететін тұлғалардан еткей. Әмин!
Пікір қалдыру