ТЫНЫБАЙ МЕШІТІ ХАКІМ ХАЗІРЕТ МЕДРЕСЕСІНЕ КӨМЕК КӨРСЕТТІ. (ФОТО)

2021 жылдың наурыз айында ашылған Хакім Хазірет медресесі қаламыздың жастарын имандылыққа тәрбиелеп, Алланың сөзі Құран Кәрімді жаттататын бірден-бір ілім орталығы екендігі белгілі. Қазіргі таңда бұл медреседе Семей қаласынан және қалаға қарасты аудандардан келген 30-ға жуық шәкірт тәлім алуда.

Осындай рухани орталыққа тілекші болу, мүмкіндігіне қарай қол ұшын созып көмектесу әрбір мұсылман баласының міндеті. Осы орайда Семей қалалық Тыныбай мешітінің бас имамы Мақсат қажы Қуанышбекұлының ұйымдастыруымен, мешіт жамағаттарының қолдауымен медресемізге қаржылай көмек (160 000 тг) жиналған болатын.

Тыныбай мешітінің наиб имамдары Сүлейменов Ахметжан имам мен Серіков Қуаныш имам медресеге арнайы барып, шәкірттермен сұхбаттасты. Бас имам мен жамағаттың ыстық сәлемін жеткізіп, медресе ұстаздарына аталмыш көмекті табыс етті.

Алдағы уақытта осы игі бастаманы қаламыздағы басқа мешіттердің жамағаттары да жалғастырады деп ойлаймыз.

Қаламыздағы ең алғашқы медресеміздің ең алғашқы шәкірттеріне ілім жолының жеңілдігі мен екі дүние абыройын тілейміз! Жас өрендерге бар білімін үйретіп, алтын уақыттарын арнап жүрген ұстаздарына Алла қуат берсін!

 

 

“Абай Құнанбайұлы” атындағы орталық мешітінің баспасөз қызметі