СЕМЕЙ ӨҢІРІ: АБАЙ АУДАНЫНДА ЖАҢА МЕШІТ БОЙ КӨТЕРДІ (ФОТО)

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында Семей өңірі, Абай ауданы, Саржал ауылында имандылықтың ордасы,  елдің келешегіне қызмет ететін, өскелең ұрпаққа тағылым мен өнеге беретін айшықты шара орын алды. Имандылық пен ізгіліктің үндеушісі жаңа ғибадат ордасы ел игілігіне пайдалануға берілді. Бірлігі мен берекесі көпке үлгі болған, Саржал ауылында «Мотыш баба» атындағы жаңадан мешіт ашылды. Мешіт ашылуына ҚМДБ – ның Семей аймағы бойынша Бас имамы Асқар Әбітайұлы арнайы келіп қатысты. Мешіттің лентасы қиылып, апалар шашу шашты. Бас имам Асқар Әбітайұлы ҚМДБ – ның атынан қасиетті Құран кітабын сыйға тартты. «Берекелі болса ел, жағасы жайлау ол бір көл» деп ұлы Абай айтқандай ауыл халқының береке бірлігінің арқасында ел иманын нығайтып, ұрпақ болашағына қызмет ететін жаңа мешіт бой көтерді. Игілікті шараға аудан әкімінің орынбасары М.Смағұлов қатысып, барша ауыл жұртына аудан әкімдігі атынан ризашылығын білдірді. Адамшылықтың озық үлгісін көрсетіп, таудан да биік игілікті іс жасаған ауыл жұртының болашағы жарқын, келешегі кемел, аспаны ашық болсын. Жаңа ғибадат ордасы имандылықтың темірқазығына айналсын.

“Абай Құнанбайұлы” атындағы орталық мешітінің баспасөз қызметі