Елімізде соңғы күндері өткен қайғылы жағдай әрбір азаматтың қабырғасын қайыстырып, көптеген шаңырақтың шырқын бұзды. Ондаған жыл бой көтерген зәулім ғимараттар қиратылып, әсем қала Алматының да берекесі әбден қашты. Бейбіт шеру лаңкестікке ұласып, қарапайым халықтың кейпін жамылған террористік ұйым өкілдері жүзден астам халықты соққыға жықты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқанындай, елімізге сырттан келген күш, яғни террорлық әрекет жасалды. Олардың көздегені – мемлекеттің берекесі мен бірлігіне, халық ынтымағына нұқсан келтіріп, тәуелсіздікті талқандау болды. Қолдарына қару алып, оқ атып, бейбіт халық пен әскерилерге қарсы шықты. Өз жолдарында ондаған жанды қаза қылып, ұйып отырған ұлттың ішіне ірткі салды. Бүлікшілер тобының басым бөлігі діни экстремизм идеологиясына іліккен жастар екені кейін белгілі болды . Кешелі бері Үкімет басшылығы да, жауапты ведомство өкілдері де жастар арасында діни терроризмге қарсы үгіт-насихат жұмыстарын күшейту керектігін алға тартуда. Өйткені жастар – кез-келген агрессивті жағдайға өте осал. Осы ретте Шығыс Қазақстан облысында да бірқатар іс-шаралар жоспары дайындалып, діни экстремизм мен терроризмге қарсы ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы күшейтілді. Облыстық Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Ернат Қыдырмоллаевтың айтуынша, қазіргі жаһандық цифрландыру заманында теріс діни идеологияға жастар жоғары қызығушылық танытады. Өйткені әлеуметтік желілердегі көптеген топтарға мүше болып, теріс насихат тыңдап, кейін соның құрбаны болып жатады.
– Қаңтардың басында елімізде болған қайғылы жағдай террорлық әрекет екені әбден белгілі. Өйткені діни экстремистік топтардың әрекеті ғана бейбіт халыққа опасыздық жасауға, соққыға жығып, жергілікті билікті мойындамауға, дәстүр мен ұлтаралық татулықтан безінуге бағытталған. Сондықтан бұл жерде ең бастысы, жастар тәрбиесіне, яғни теріс діни ағымдардан алшақ ұстауға жоғары мән берген дұрыс, – дейді орталық басшысы. Айта кету керек, Орталық тарапынан ақпараттық-түсіндіру, деструктивті ағымға түсіп кеткен азаматтармен жекелей жұмыстар жүргізу алға қойылған. – Біз тұрақты түрде оқушылар мен студенттер, еңбек ұжымдары арасында түсіндіру жұмыстарын өткізіп тұрамыз. Сонымен қатар интернет кеңістігінде қарсы насихаттық жұмысты мониторингілеу бағыты да қолға алынған. Яғни әлеуметтік желілерде деструктивті топ мүшелерін анықтау, сараптау, кейін олармен адрестік жұмыс жүргізіледі. Бір сөзбен айтқанда, жастар арасында ақпараттық жұмысты күшейту керек. Өйткені мыңдаған ақпарат ағынында шатаспай, қайсысы дұрыс, қайсысы теріс пиғылды екенін ажырата білген абзал. Біздің жұмыстың маңыздылығы да сонда. Егер туындаған сауалдар болса, орталыққа келіп кеңес алуға да болады. Ел егемендігі – ұлт бірлігінде. Сондықтан діни экстремистік идеологияны ортамыздан алшақ ұстап, жастарымызды дұрыс бағытта тәрбиелей білгеніміз – бізге міндет, – дейді Ернат Қыдырмоллаев.
Бейбіт күнде өмір сүріп, ұлт тұтастығы – бәрімізге бақыт. Берекеміз бен тұрақтылығымыздың қадірін қастерлей білейік!
Жылқышева Әсем, ШҚО ДМЗО маманы
Пікір қалдыру