Жанұя жарасымының сыры неде?

      Отбасы – біздің өмірімізде маңызды орын алады, тіпті біздің барымыз десек те болады. Көпшілігіміз бақытты жанұя құруды армандаймыз. Алайда сол шаңырақтың бақытты болуының кілті өз қолымызда екенін ұмытып кетіп жатамыз. Төмендегі кеңестер отбасыңыздың беріктігін сақтап, жылылық пен одан әрі бақытты ете түседі деген ойдамыз. Ендеше құлақ түріңіз:

  1. Махаббатыңызды жасырмаңыз. Бұл әйелге де, ер кісіге де қатысты. Бір-біріңізге жақсы көретіндеріңізді айтып жүріңіз. Сезіміңізді жасырмаңыз. Жылы сөз кімге болса да ұнайды, әсіресе өмірлік серігіңізден есіту қандай бақыт. Ыстық ықыласыңызды білдіру үшін қымбат бағалы сыйлық беру міндетті емес. Шын жүректен айтылған бір ауыз жылы сөздің өзі адам жанын жадыратып, араңыздағы сүйіспеншілікті одан әрі арттыра түседі.
  2. Тамақтанғанда отбасы мүшелеріңызбен төрт көзіңіз түгел болуын қадағалаңыз. Дастархан басында отырып бүгінгі жаңалықтармен бөлісіп, әңгімелесіп отырудың өзі отбасы мүшелерін жақындастыра түседі.
  3. Әр отбасында өздеріне ұнайтын бір ісі болу керек. Демалыста бірге киноға бару, түрлі ойындар ойнау, серуендеу т.с.с.
  4. Өзгелермен қарым-қатынас. Ата-анасынан басқа да ересек адамдармен қарым-қатынас жасайтын бала өзін сенімді әрі бақыттырақ сезінетін көрінеді. Сондықтан үйіңізге қонақты жиі шақырыңыз және қонаққа жиі барып тұрыңыз.
  5. Үйдегі шаруаларды барлығыңыз бірлесіп атқарғандарыңыз дұрыс. Ол балаңызды болашақ отбасына дайындайды және тазалыққа, сыйластық пен адамгершілікке үйретеді.
  6. Балалық шағыңыз жайлы айтып отырыңыз. Балаларыңызға ата-анаңыз бен балалық шағыңыз туралы айтып отырыңыз. Бұл балаңыздың сізге едәуір жақындай түсуіне жол ашады.
  7. Бір-біріңізді сыйлаңыздар. Бір-біріңізді жарым, балам деп қана емес, жеке тұлға ретінде сыйлаңыз. Әркімнің өз жақсы тұстарымен қатар кемшіліктері де болады. Ешқашан ол адамды күштеп тәрбиелеуге тырыспаңыз. Кемшіліктеріне түсіністікпен қарап, отырып сөйлесіңіз, сырласыңыз.
  8. Ұқыпты болыңыз. Қарым-қатынастарыңызда да, үй шаруасында да, барлық жағынан, кез-келген жағдайда ұқыпты болыңыз.
  9. Қамқор болыңыз. Біреуіңіз ауырып қалсаңыз немесе қиын жағдайға тап болсаңыз, екіншіңіз әрдайым жанынан табылып, қамқорлығыңызды аямаңыз. Мереке күндері ғана емес, жай күндері де кішігірім сыйлықтар жасап тұруды ұмытпаңыз.

       Әрине, отбасы болу оңай шаруа емес. Үйлену оңай, үй болу қиын деген содан қалса керек. Қандай жағдай болмасын бір-біріне қолдау көрсетіп, түсіністікпен қарап, ең бастысы – қателіктерді кешіре білген жандар ғана өзін де өзгелерді де бақытты ете алады.