ҰЯТ – ИМАННЫҢ БІР ТАРМАҒЫ

«Ұят» сөзі ұғымы ауқымды, мағынасы терең  сөздің бірі. Шариғат тілінде де тағылымы мол  ұғымдардың бірі саналады. Қазақта:  «Өлімнен ұят күшті»  деген даналық  бар. Арлы адам үшін ұяттың орны бөлек. Аталарымыз: «Ұялғанымнан жерге кіріп кете жаздадым»  дейді. Қазақтың бар даналығы шариғатпен астасып жатыр. Сондықтан ұят дегеніміз – адамның мінез-құлқымен сыйыспайтын, жағымсыз істерден адам баласын аулақ  ұстайтын, жақсылыққа итермелеп, жамандықтан жирендіретін, бойымыздағы асыл бір қасиет.  Ұят иман тармағының бір арнасы, ислами мінез-құлықтың бір көрінісі. Кімде кімнің тұла бойында ұят болған болса, ол пенденің ислам жолын ұстануының көркемдігін, дәрежесінің жоғарылығын көрсетеді. Ұят – Алла тағаланың жер бетіне ақиқатты жеткізіп, үлгі болу үшін жіберілген Пайғамбарларына тән қасиет. Саңлақ сахаба Әбу Сайд әл Худридің айтуы бойынша «Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уәсәлләмның бойындағы ұят, перденің артында отырған бойжеткеннің ұятынан да асып түсетін. Егер Пайғамбарымыз саллаллаһу әлейһи уәсәлләм ұятты бір істі көрер болса, оның жүзіне қарап ұялғанын білетін едік» дейді. Пайғамбарлардың осы ақиқат жолын өз өмірлеріне ту еткен Алланың салихалы құлдарының да ерекшеліктерінен болып табылады. Ұяттың болуы, яки болмауы -адамның шынайы табиғатын көрсететін белгі іспеттес. Ұят адамның иманын құнды етіп, жүріс тұрысына өң беретін жақсы сипат. Кісі бір іс-әрекеттен тұла бойы қысылып, орынсыз істен жүзі қызғылт түске боялып жатса,  демек, тегі таза һәм болмысы пәк.

Ұят – жақсылықтың ұрығы. Жамандықтың тамырын түбегейлі жоятын да осы қасиет. Әнас (р.а.) риуаят еткен хадисте:

إِنَّ لِكُلِّ دِينٍ خُلُقًا، وَخُلُقُ الْإِسْلاَمِ الْحَيَاءُ

«Расында, әрбір діннің өзіне тән мінезі бар. Исламның мінезі ұяңдық (ұят)»[1] деп дінімізде ұяттың маңыздылығын атап көрсетіп кеткен.

إنَّ الْحَيَاءَ وَالْإِيمَانَ قُرَنَاءُ جَمِيعاً، فَإِذَا رُفِعَ أَحَدُهُمَا رُفِعَ الْآخَرُ.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде:  «Ұят пен иман тығыз байланыста. Егер  ұят кетсе, екіншісі де бірге кетеді»[2],  деп ұяттан ажыраған кісінің иманнан қол үзетінін жеткізген.

Ұят иманның жемісі. Иманы кәміл болған пенденің ұяты да кәміл дәрежеде болары сөзсіз. Сондықтан болар шариғат сусынымен сусындап салт-дәстүрін дінімен ұштастыра білген ата бабаларымыз: «Пайда ойлама – ар ойла» деп, ұяттың қаншалықты қымбат дүние екендігін дөп басып көрсеткен. Әбу Һурайра жеткізген хадисте Пайғамбарымыз саллаллаһу әлейһи уәсәлләм:

            عن أبي هريرة أن رسول الله قال: « الإِيمَانُ بِضْعٌ وَسَبْعُونَ أَوْ بِضْعٌ وَسِتُّونَ شُعْبَةً فَأَفْضَلُهَا قَوْلُ لاَ إِلَهَ إِلاَّ اللَّهُ وَأَدْنَاهَا إِمَاطَةُ الأَذَى عَنِ الطَّرِيقِ وَالْحَيَاءُ شُعْبَةٌ مِنَ الإِيمَانِ

«Иман алпыс немесе жетпіс тармақтан тұрады. Ең абзалы ләә  иләһә иллалла (Алладан басқа құдай жоқ) деп айту. Ең төменгі дәрежесі жолда жатқан кедергіні алып тастау. Ұят та иманның бір тармағы»[3] деп ұятты иманның бір бөлігі ретінде көрсеткен.

Ұятты Алла тағаладан ұялу және адамдардан ұялу деп бөліп қарастыруға болады.

Алла тағаладан ұялу бұл осы сипаттың ең басы, әрі ең лайықтысы. Өйткені, Пайғамбарымыз саллаллаһу әлейһи уәсәлләм:

عن بَهْز بن حَكيم عَنْ أَبِيهِ، عَنْ جَدِّهِ، أن رَسُولَ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم قَالَ: «فَاللَّهُ أَحَقُّ أَنْ يُسْتَحْيَا مِنْهُ مِنَ النَّاسِ»

«Адамдарға қарағанда ұялуға ең лайықты болған ол Алла тағала»[4] деп айтқан. Ал енді Алла тағағаладан ұялу қалай болмақ деген сұраққа жауап беріп көрелік.

         عنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ مَسْعُودٍ قال: قال رَسُولُ اللَّهِ: «اسْتَحْيُوا مِنَ اللَّهِ حَقَّ الحَيَاءِ». قَالَ: قُلْنَا: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنَّا نَسْتَحْيِي وَالحَمْدُ لِلَّهِ، قَالَ: «لَيْسَ ذَاكَ، وَلَكِنَّ الِاسْتِحْيَاءَ مِنَ اللَّهِ حَقَّ الحَيَاءِ؛ أَنْ تَحْفَظَ الرَّأْسَ وَمَا وَعَى، وَالبَطْنَ وَمَا حَوَى، وَلْتَذْكُرِ المَوْتَ وَالبِلَى، وَمَنْ أَرَادَ الآخِرَةَ تَرَكَ زِينَةَ الدُّنْيَا، فَمَنْ فَعَلَ ذَلِكَ فَقَدْ اسْتَحْيَا مِنَ اللَّهِ حَقَّ الحَيَاءِ»

Абдуллаһ ибн Масуд Алла оған разы болсын былай дейді: «Алла елшісі саллаллаһу әлейһи уәсәлләм:- «Алла тағаладан шынайы түрде ұялыңдар» деді. Сонда біз: «Уа Расулалла! Аллаға шүкір расында біз Алла тағаладан ұяламыз» дедік. Сонда Пайғамбарымыз саллаллаһу әлейһи уәсәлләм: «Мен ол ұятты айтпаймын, Алла тағаладан шынайы түрде ұялу ол басыңды және оның қамтыған ағзаларын сақтандыруың. Асқазан мен оның айналасындағы ағзалардысақтандыруың. Өлім мен жоқ болуды есіңде ұстауың, кім де кім ақыретті қалаған болса, онда мына дүниенің әдемілігін тәрк етеді. Осы айтылғандарды жасаған адам ол Алладан шынайы түрде ұялған болады» деді”[5].

Бұл жердегі басыңды сақта дегені ардақты басымызды Алладан басқаға сәждеге қоймау, басқаларға тәкаппарлық танытып басымызды көтермеу, басымызға тиіселі көз, құлақ тіл секілді ағзаларымызды жаман әрекеттерден аулақ ұстап, таза жүру меңзелген. Асқазанды сақтау болса, Алланың харам еткен нәрселерін ішіп жеуден тыйылу. Айналасындағы аяқ қол секілді ағзаларды да харам болған жиіркенішті істерден сақтау. Өлімді еске алу да өз кезегінде Алладан шынайы түрде ұялу болып табылады. Өйткені, өлімді еске алу көптеген жамандықтың алдын алып адам баласын түрлі азғындықтан тыяды.

Ата бабамыз қашанда бір әдепсіздік қылық көрсе: «Ұят болады» деп бір-бірін ескертіп ол істің күнә немесе жамандық, әдепсіздік екендігін меңзеп қоғамды рухани күйреуден сақтандырып отырған. Ұятсыздықтың қашанда жақсылыққа апармайтынын білген. Арсыздық жаман қасиет деп есептеліп, адалдық, ар-намыс, ұяттылық қашанда жоғары бағаланған. Бұлар адамды бақытқа, табысқа жетелейді деп иланылған. Осы тұрғыда Жүсіп Баласағұни:

Пәле-жала жолын ұят кеседі,
Ұятсыздық ердің емсіз кеселі.
Ашық мінез, пәктік, ұят, серік боп,
Жарасады қуанышқа көрік боп.
Адал ар мен ақ көңіл де еленер –
Екі жалған бақытына бөленер,
 – деп, керемет айтқан.

Адам баласынан ұялу мәселесіне келер болсақ, ол ең бірінші өзінің мінез-құлқын түзетіп, басқаларға тілімен немесе қолымен зиян беруден бойын аулақ ұстап, жағымсыз сөздерден сақ болып, адамды ашуландыратын қисық сөздерді айтпай, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету, басқаларды ғайбаттамай сөз тасудан сақтану десек болады.

Хузәйфә ибн Иәмән бір сөзінде: «Адамдардан ұялмаған адамда ешбір қайыр жоқ» деген екен.

Қоғамдағы кейбір бауырларымыз адам бойындағы  басым болған ұятты кемшілік санап айыптап жатады. Айыптамас бұрын ұяттың қай жерде қалай қолдану керектігін әрине біліп алған жөн. Егер өз орнында қолданылмас болса, онда айыпталуға лайық болары сөзсіз. Ал егер бойындағы ұятын өз орнымен қолдана білсе, онда ұяттың өз мақсатында қолданылып нағыз иманның бөлігінде болған көрінісін көрсетеді. Бұл сөзімізге Пайғамбарымыз саллаллаһу әлейһи уәсәлләмның мына сөзі дәлел болады:

           عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، مَرَّ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَلَى رَجُلٍ، وَهُوَ يُعَاتِبُ أَخَاهُ فِي الحَيَاءِ، يَقُولُ: إِنَّكَ لَتَسْتَحْيِي، حَتَّى كَأَنَّهُ يَقُولُ: قَدْ أَضَرَّ بِكَ، فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: “دَعْهُ، فَإِنَّ الحَيَاءَ مِنَ الإِيمَانِ”.

Абдуллаһ ибн Омардан жеткен хадисте Алла тағала ол екеуіне разы болсын: «Алла елшісі өз бауырын «сенің ұялшақтығың саған залалын тигізеді» деп айыптап  жатқан бір адамның қасынан өтіп бара жатып былай дейді: “Оны айыптама, өйткені ұят иманнан»[6] деген екен. Міне, бұл хадис бізге ұяттың иманның бір бөлігі екендігін көрсетеді.

Мұсылманның барлық ісі мен сөзінде ұят бақылаушы болуы қажет. Мұсылман баласы тілі арсыз, мәнсіз сөздерден таза болу керек. Не айтып, не қойып жатқанына мән бермеу мұсылманға жараспайды. Әбу Һурайра (р.а.) баяндаған хадисте:

الْحَيَاءُ مِنْ اْلإِيمَانِ وَ الْإيمَانُ في الْجَنَّةِ, و البَذَاءُ مِنْ الْجفاء و الجفاء في النار.

Яғни: «Ұят иманнан, ал иман жәннатта. Арсыздық дөрекілік, ал дөрекілік тозақта»[7], делінген.

Қазіргі таңда мұсылман баласы арақ шарап ішуден, жастар көшеде темекі шегуден, қыз келіншектер тәнін жалаңаштаудан ұялмайтын болды. Ұят түсінігі ауысып та кетті.

Ибн Масуд (р.а.) риуаят етеді:

إنّ ممّا أدْرَكَ النَّاسُ مِنْ كَلامِ النّبوةِ اْلألَى إِذا لَمْ تَسْتَحِى فَاصْنَعْ ما شِئْتَ

Мағынасы: «Адамдарға алғашқы пайғамбарлықтан жеткен сөздердің бірі: ұятың болмаса, білгеніңді істе»[8].

Ибн Хажар ал Асқаланидің «Мунаббихатында» мынадай нақыл сөз бар.

«Төрт нәрсе жақсы, алайда одан жақсы төрт нәрсе бар. Ер кісінің бойында ұяты болуы жақсы, ал ұят әйелде болуы одан да жақсы. Әр адамның әділ болуы жақсы, ал әділдік басшыларда болуы одан да жақсы. Қарт қарияның тәубе еткені жақсы, ал жастар тәубе етсе одан да жақсы, байлардың жомарт болуы жақсы, жомарттық кедейдің бойынан табылуы одан да жақсы», деген екен.

ما كَان الْفَحْشُ في شِيءٍ إلاّ شانَهُ, و مَا كَانَ الْحَيَاءُ في شَيْء إلاّ زانه.

Мағынасы: «Арсыздық не нәрсеге жабысса да, әлбетте оның масқарасын шығарады. Ал ұят не нәрседен табылса да оны көркем ете түседі»[9], деген хадис бар.

Кейде ұятты ынжықтық және өзіне сенімсіздік секілді кері мінездермен шатастырып жатамыз. Мәселен, бір намазхан: кісі үйінде қонақ едім. Таңертең үй иелерін мазалауға ұяламын. Таң намазын қаза етіп оқысам бола ма?, дейді. Жөнсіз ұялу. Тағы бір бауырымыз: жаңадан үйленген едім. Ертеңгісін ғұсыл құйынуға үйдегілерден ұяламын. Ғұсылсыз намаз оқи салсам бола ма?, дейді. Неге біз құлшылық жасауға және таза жүруге ұяламыз. Неге біздің намаз оқығанымызды көріп, бейнамаздар ұйықтап жата беруден ұялмайды.

Ұлы ойшыл Абай хакім  өзінің 26 қара сөзінде ұятты өз орында қолданбағандар жайлы былай дейді: «Енді осылардан білсеңіз болады: надан ел қуанбас нәрсеге қуанады, һәм және қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмей, есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. Һәм ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды. Мұның бәрі – надандық, ақымақтықтың әсері. Бұларын айтсаң, кейбіреуі «рас, рас» деп ұйыған болады. Оған нанба, ертең ол да әлгілердің бірі болып кетеді. Көңілі, көзі жетіп тұрса да, хайуан секілді әуелгі әдетінен бойын тоқтата алмайды, бір тиянақсыздыққа түсіп кетеді, ешкім тоқтатып, ұқтырып болмайды. Не жаманшылық болса да бір әдет етсе, қазақ ол әдетінен еріксіз қорыққанда я өлгенде тоқтайды, болмаса ақылына жеңгізіп, мұным теріс екен деп біліп, ойланып өздігінен тоқтаған адамды көрмессің».

Өкінішке орай,  қазіргі күні көпшілік ұялу керек болған нәрселерден ұялмай, керісінше ұялмау керек нәрселерден ұялады. Алла тағаланың әмір еткен міндеттері мен тыйым салған  харам дүниесін айналамдағы адамдардан ұят болады деп ұят сөзін өз орнында қолданбай, ненің не екенін біле алмай жүрген жандардың да жетерлік екені жанымызға батады.

Пайғамбар саллаллаһу әлейһи уәсәлләмның жанында жүріп рухани нәрімен сусындаған сахабалар ілім үйрену үшін ұятты қойып маңызды сұрақтарын еш қысылмай сұрайтын еді. Өйткені, білім үйренуде ұялуға жол жоқ. Сұрақты сұрау айып емес,  сол мәселені білмеу үйренбеу айып болып есептеледі. Айша анамыз Алла оған разы болсын былай дейді:

عن عائشة رضي الله عنها قالت: “نِعْمَ النِّسَاءُ نِسَاءُ الأَنْصَارِ لَمْ يَمْنَعْهُنَّ الْحَيَاءُ أَنْ يَتَفَقَّهْنَ في الدِّينِ”.

«Ансарлардың әйелдері нендей ғажап, дін мәселелерін үйренуде оларға ұяттары еш кедергі болмады»[10] деп әйел сахабалардың дін мәселелерін үйренуде үлкен ыждахаттылық танытып ұяттарын шектеп қоятындығынан хабар береді.

Сөзімізді қорытындылар болсақ, иманның бөлігі болған ұят ұғымы ақырындап азайып, ұялудан ұялатын жаңа нәсіл өсіп дамып келе жатқаны ақиқат. Болмашы дүние үшін ар ұятын саудалап, ұлттық намысын таптап, істеген азғындығын дұрыс деп есептеп, қоғамды лас істермен былғауда. Бұндай арсыздықтан қорғанудың бірден бір жолы өсіп келе жатқан ұрпаққа өз ұлттық болмысымыз бен рухани мұрамызды, исламмен тәрбие көрген ата бабаларымыздың ұлы жолын әуелі үйреніп, содан кейін өзімізден кейінгі ұрпаққа үйрету әрбір пенденің азаматтық борышы. «Ұялмасаң қалағаныңды істе» бұл сөз алдыңғы өткен Пайғамбарлар мен Алланың сүйікті құлдарының ортақ сөзі. Расында ұят кеткен жерден қалаған нәрсені күтуге болады.  Алла елімізді ұяттан кенде етпесін!

 

[1] Ибн Мажа, 2 том, 4181 хадис

[2] Мирқатул Мафатих, 8 том,5093 хадис

[3] Сахих Муслим, 1 том, 35 хадис

[4] Тирмизи хадистер жинағы

[5] Тирмизи Сунан, 4 том, 2458 хадис

[6] Сахих Бухари, 8 том, 6118 хадис.

[7] Тирмизи хадистер жинағы

[8] Сахих Бухари

[9] Ибн Әби Дүнианың кітабында келген.

[10] Сахих Бухари, 1 том, 38 бет.