РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АЗАН ЖАРЫСЫНА ІРІКТЕУ ӨТТІ (ФОТО)

ҚМДБ Семей қаласы, Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешітінде  Бас имам Асқар Әбітайұлы бастамасымен  Қасиетті Рамазан айының  құрметіне Семей аймағы бойынша республикалық азан жарысына дін қызметкелер арасында іріктеу өтті.

Аламанды азан жарысына Абай облысының түкпір-түкпірінен келген имам молдалар бақ сынасты. Әдемі әуенді азан айтып, алдыға шыққан Тыныбай мешітінің наиб имамы Файзоллаұлы Серік бірінші орынды иеленді. Екінші орынды өзінің әдемі дауысымен танымал болған Төлеубек қажы мешітінің ұстазы Нұғұман Ералы қариға бұйырды. Ал үшінші орынды Аягөз орталық мешітінің наиб имамы Татығанбайұлы Масғуд бауырымыз алды.  Қатысушы үміткерлерге ынталандыру сыйлықтары берілді.

 Екі дүниенің бақытына апарар Алла Тағаланың азанын жүрекке жеткізе оқыған имамдардың дауысы мешітті ерекше әуенге бөледі. Имамдардың деңгейлерін сараптауға Абай Құнанбайұлы орталық мешітінің наиб имамы Омаров Ерлан, Хакім Хазірет мешітінің ұстазы Шыңғысбекұлы Байбатыр қари, Абай Құнанбайұлы орталық мешітінің наиб имамы Русланұлы Айқын қазылық етті.

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген бір хадисте пайғамбарымыз ( Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Адамдар азан шақыру мен намаздың алдыңғы сапында тұрудың не екенін (қайыры мен сауабын) білсе және бұған қол жеткізу үшін жеребе тартудан басқа шарасы болмаса, міндетті түрде жеребе тартар еді.

 Азанды жақсылап оқыған, әріптерін дұрыс оқуға машықтанған әрі амал етуге тырысқан мұсылмандарға Алла Тағала Фирдаус жаннатын нәсіп етсін.

Еліміз аман болып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болсын.