Бүгін өңіріміздің барлық мешітінде Ораза айт намазы оқылды. Семей өңірі «Абай Құнанбайұлы» атындағы орталық мешітіндегі айт намазына Бас имам Асқар Әбітайұлы қатысып, жамағатты мұсылмандардың ұлық мейрамымен құттықтап, айт туралы уағыз айтылды.
«Алла Тағала отыз күн бойы ұстаған оразамызды, жасаған дұғамызды, жәрдемге мұқтаж жандарға үлестірген садақамызды қабыл еткей! Әр отбасына амандық, жақсылық тілеймін. Оразадан оразаға дейін аман-есен жете берейік!» – деді. Сондай-ақ Бас имам Ораза айт мерекесін берекелі де сауапты етіп өткізуге шақырды. Құлшылық етуге келген халықтың көптігі соншалық, орталық мешітінің ішкі залдары мен ауласында ине шаншар орын қалмады. Айт намазын ашық аспан астында оқығандар көп.
Намаздан кейін айт хұтпасы оқылып, мешіт жамағаты Жаратушы Алладан еліміз бен жерімізге амандық, тыныштық тілеп, дұға жасады. Дұға жасалып болған соң, мешітке жиналған мұсылмандар бір-бірін Ораза айт мейрамымен құттықтап, мәре-сәре болды.
Қасиетті мереке құрметіне бас мешітте ұлттық спорттық ойындардан сайыс болды.
Пікір қалдыру