МЕШІТ ЖАНЫНАН ЖАҢА ҚАТЫМХАНА АШЫЛДЫ (ФОТО)

200 жылға жуық өмірі бар тарихи Тыныбай мешіті бүгін қайта түлегендей болды. Неге десеңіз, мұсылман қауымы үшін қастерлі мере мешіт жанынан былтыр басталған медресе-хатымхана ғимаратының құрылысы аяқталып, халықтың игілігіне табысталды, Алла жолына уақып қылынды. Мұсылман қауымы үшін қастерлі мереке Ораза айттың күнінде осы кешенді ғимараттың ашылу рәсімі салтанатты түрде аталып өтіп, ашылу лентасын Семей аймағының бас имамы Асқар Әбітайұлы мен осы мешітте 1954-74 жж арасында 20 жылға жуық уақыт қызмет еткен Ахметсафадай асылдың тұяғы, елімізге белгілі дәрігер-ұстаз, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі Мұзаффар ақсақал қиды.

   Қасиетті айт мерекесіне орай құрметті қонақтар мен мешітіміздің жамағатына арналып жайылған ақ дастарқан Құран хатым оқумен басталып, сауабы дүние салған күллі мұсылман аруақтарына арнайы бағышталды. Одан кейінгі сөз кезегі Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Серікқазыұлын берілді.

   Келесі кезекте сөз алған Семей аймағының бас имамы Асқар Әбітайұлы мешіт жанынан бабалар рухына Құран бағышталып, тек қана адал дастархан жайылатын, рухани құндылықтар сөз етіліп, ғибратты уағыздар айтылатын арнаулы хатымхананың салынуы халық үшін атқарылған өте үлкен игі іс екенін жеткізіп, осы ізгі іске бастау болған Тыныбай мешітінің бас имамы Мақсат Қуанышбекұлына ризашылығын білдірді. Бас имамның еңбегін жоғары бағалап, Семей өңірі имамдарының атынан ат мінгізді. Ізгі шараның жалғасында Мақсат Қуанышбекұлы сөз алып, бұл істің қалай басталғандығына, жанашыр азаматтардың қалай қолдау көрсеткендігіне тоқталды. Осы ғимараттың салынуына демеушілік жасаған Саят Даниялұлы есімді елім деген азаматқа ерекше алғысын білдіріп, алғыс хат пен арнайы сыйлығын табыстады. Арыстай азаматты тәрбиелеген ата-анасы Даниял ақсақал мен Рая апаны арнай шақырып, иықтарына шапан жапты. Балалары бұл дүниеде қалай құрметке бөленулеріне себепші болса, ақыретте де дәл солай мол сыйға кенелулеріне себепші болсын деген тілегін жеткізді.

   Алдағы уақытта медресеміз мұсылман жұртшылығын рухани азықпен сусындататын, хатымханамыз бабалар рухын шат ететін рухани ордаға айналады деп сенеміз!