РАМАЗАН АЙЫНДА 23 МЫҢ-НАН АСТАМ ОТБАСЫНА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ТАРАТЫЛДЫ (ФОТО)

Барлық мақтау мен мадақ әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға болсын! Жыл бойы күткен қасиетті Рамазан айыда көзді ашып-жұмғанша өтіп кетті. Алла Тағала әрбір ұстаған жанның оразасын, Рамазан айында жасаған жақсы амалдарын қабыл етсін.

Жомарттық – адам қасиеттері мен көркем мінездерінің бірі. Дана халқымыз: «Кең болсаң кем болмайсың» – деп қанатты сөз қалдырған екен.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Семей өңірінің бас имамы Асқар Әбітайұлы бастаған және мешіт  имамдары Рамазан айында тек ораза ұстап, намаз оқып қана қоймай, пітір садақадан және зекеттен түскен қаражатты қайырымдылыққа жұмсап, көптеген отбасыларды қуанышқа бөлеп, қайырымдылық жұмыстарын атқарды.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Мал – мүліктеріңді зекетпен қорғаңдар, ауруларыңды садақамен емдеңдер және бәлеге қарсы дұға әзірлеңдер» – деген хадисі көп нәрсені аңғартса керек.  

Атап кететін болсақ «РАМАЗАН ҚОРЖЫНЫ», «РАМАЗАН ТӘТТІСІ», «ПІТІР САДАҚАСЫН ЖӘНЕ ЗЕКЕТ ТАРАТУ», «ЖЕТІМ КӨРСЕҢ ЖЕБЕЙ ЖҮР», «ҚАРТТАРЫМЫЗ АСЫЛ ҚАЗЫНАМЫЗ», «АУЫЗ АШАР СЕБЕТТЕРІ» т.б көптеген түрлі қайырымдылық жобаларын атқарып, барлығы 23477 отбасына қаражат пен азық-түліктей, жалпы соммасы 47.250.000 теңгеге қайырымдылық шараларын өткізді.  Осындай қайырымдылыққа атсалысып зекет, садақаларын берген  әрбір жанға Алла разы болсын. Сауапты істе жарысайық ағайын.