Әр адам баласының өзіне үлгі тұтып, еліктейтін бір тұлғасы болады. Бірақ, бір ғана адамның бойынан өзіне қажетті барлық жақсы қасиеттерді табу мүмкін емес. Себебі, адамның бір мінезі ұнаса, келесі бір қылығы көңілінен шықпай жатады. Тіпті, кейде кейбір тұлға деп үлгі тұтып жүрген адамының бойынан жағымсыз бір іс көргенде одан мүлдем көңілуі қалуы да мүмкін. Кемшілікіз адам табу мүмкін емес.
Дегенмен, еш күнә жасамаған, қай жағынан алып қарасаңыз да бүкіл адамзат баласына үлгі тұтар тұлға бола алатын, бойындағы әралуан қасиеттер мен қабілеттерді орын-орнымен қолдана білген бір адам бар. Ол кісі – сан ғасырлар бойы жүректерде орын алған, қаншама ақындар мен жазушылардың шығармаларына арқау болған, қаншама адам Ол жайлы еңбек жазу арқылы абыройға бөленген, қанша адам Оны өзіне үлгі етумен өмірінің сан-саласында оңтайлы шешімдер тауып, бақытқа кенелген – Алланың ардақты елшісі Мұхаммед пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын). Ол кісіні еш кемшіліксіз болуының себебі – Оны бүкіл әлемді жаратушы Алла Тағаланың өзі тәрбиелеп, адамзатты жақсылыққа бастау үшін елші қылып таңдаған.
Міне, осындай адамзаттың ардақтысы Мұхаммед пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірін жастарға үлгі етіп, халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында Абай ауданы, Кеңгірбай би ауылында Алла елшісінің өмірбаянына арналған «Адамзаттың асыл тәжі» атты кітаптан бүкіл Семей өңірінің жамағаттары арасында білім сайысы болып өтті.
Жарыс 2 кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде 28 үміткер 100 сұрақтан құралған тест тапсырды. Тест нәтижесінде үздік шыққан 10 қатысушы екінші кезеңге жолдама алды. Екінші кезеңде әр қатысушы бір-бір билеттен алып, қазылар алқасы мен бүкіл көрермендер алдында билеттегі сұрақтарға ауызша жауап берді. Екі кезеңнің жалпылама қорытындысы бойынша ең жоғары нәтиже көрсеткен үш жеңімпаз жүлделі марапаттарға ие болып, екінші көзеңге өткен барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары берілді. Білім сайысының нәтижесінде төмендегі қатысушылар жүлдегер атанды:
Әміре Думан (Мақаншы ауылы) – 1-ОРЫН, 200 МЫҢ ТЕҢГЕ;
Райханов Дидар (Семей қаласы) – 2-ОРЫН, 150 МЫҢ ТЕҢГЕ;
Базарбек Нұрәлі (Семей қаласы, 9 жаста) – 3-ОРЫН, 100 ТЕҢГЕ.
Барлық жарысқа қатысушыларға, ұйымдастырушыларға, қолдау көрсеткен барша азаматтарға, сондай-ақ, жарыстың ауылдық «Мәдениет үйінде» өтуіне мұрындық болған Кеңгірбай би ауылының әкімі Дархан Амангелдіұлына алғысымызды білдіреміз.
Осы игі жобаның әрі қарай да жалғасын таба беруіне ниеттіміз.
Пікір қалдыру