ЫСЫРАПШЫЛДЫҚ – АЛЛА СҮЙМЕЙТІН ІС

Ысырапшылдық – Алла Тағала сүймейтін іс. Өйткені, ысырапшылдық жеке тұлғаға, отбасына, қоғамға қауіп төндіретін, тірнектеп тапқан дүниенің түбіне жететін, бұл дүниенің өзінде де кесірін тарттыратын қатерлі дерт. Алла Тағала құлдарын кең мейірім, рақымымен сан-алуан нығметке бөлеген. Ішіп-жеу, киім-кешек, дүние-мүлік тәріздес нығметтердің барлығы Алла Тағаланың құлына сыйлаған ерекше сыйы. Ал адамзатқа жүктелген міндет – сол берілген сансыз нығметтерді жөнімен қолданып, астамшылық көрсетпей, ысырапшылдыққа жол бермеу. Себебі, берілген дүние-мүлік пәни дүниедегі тіршіліктің сәні ғана.

Бұл туралы қасиетті Құранда былай делінген:

الْمَالُ وَالْبَنُونَ زِينَةُ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا وَالْبَاقِيَاتُ الصَّالِحَاتُ خَيْرٌ عِندَ رَبِّكَ ثَوَاباً وَخَيْرٌ أَمَلاً

«Байлық пен балалар – дүние тіршілігінің сәні. Ал бақи қалатын жақсылықтар болса, Раббыңның қасында, табыс бойынша да жақсы әрі үміт тұрғысынан да жақсы»

Құранда:

وكُلُواْ وَاشْرَبُواْ وَلاَ تُسْرِفُواْ إِنَّهُ لاَ يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ

«….Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырап қылмаңдар, шындығында Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді» – деп, берілген нығметті қалауымызша тұтынуымызды, бірақ ысырап жасамауымызды ескертсе,

Пайғамбарымыз ﷺ:

كُلُوا وَاشْرَبُوا وَتَصَدَّقُوا وَالْبِسُوا فِي غَيْرِ إِسْرَفٍ وَمَخِيلَةٍ

«Жеңдер, ішіңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер», – дейді.

Демек, Алланың берген нығметінен ішіңдер, жеңдер сонымен бірге дәулет артылып жатса жағдайы жоқтарға, кедей-кепшіктерге, жетім-жесірлерге, медресе, мешіт, балабақша, аурухана сияқты орындарға жұмсау зор сауапты іс. Сондай-ақ тәкаппарлыққа ұрындыратындай сырт көзге көрсету, мақтану ниетімен қымбат киіну де ысыраптың бір түріне жатады.

Сондықтан қаражатымызды жалпыға пайдасы тиетін жерге жұмсап, зияны тиетін істен аулақ болуымыз абзал. Себебі, Алла Тағала дүние-мүлікті пенделерге жақсылық жасауда үлкен мүмкіндік етті.