ҚҰНАНБАЙДЫ МОЙНЫНА МІНГІЗІП ҚАҒБАНЫ ЖЕТІ АЙНАЛҒАН ІЗҒҰТТЫ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Мұхтар Әуезовтың “Абай жолы” роман-эпопеясындағы негізгі кейіпкерлердің бірі Ізғұтты 1830 жылы Ақсуат өңіріндегі «Қарғыба» өзенінің бойындағы «Қара оба» дейтін жерде дүниеге келген.
Аға сұлтан Құнанбайдың сенімді серіктерінің ішінде Ізғұттының өзіндік орны ерекше. Абайдың әкесі Құнанбайдың асырап алған інісі Ізғұттының шын аты — Бақтыбай, Найман ішінде Қаракерейдің Мұрын руының Тоқабай тармағынан. Құнанбайдың туған қарындасы Тайбала осы Тоқабай ішіндегі Нұран деген байдың баласы Мұхамеджанға ұзатылады. Арада біраз жыл өткен соң апасын артынан іздеп барған Құнанбайға Тайбаладан туған он жасар шамасындағы жиені Бақтыбайды аманат ретінде береді.
Бақтыбай нағашы жұрты Шыңғыстауға барған жылы жазда Абай туады. Өскенбай ауылы : «Соңынан Абай ерді, Құнекең аға сұлтан болды. Бұл бала оң аяғымен келді, ізі құтты болды», — деп оның бұрынғы Бақтыбай атын өзгертіп, «Ізғұтты» деп жаңа есім берген екен. Ізғұтты Құнанбайдың жанында жүріп жастайынан ел билігіне араласады. Ер тұлғалы, ақылды азамат ел арасында зор беделге ие болады. Құнанбай Ізғұттыға жер беріп, енші беріп, үйлендіреді.
“1875 ж. Құнанбай Меккеге қажылық парызын өтеуге Ізғұттыны ертіп барады. Меккеде Құнанбай қажы бірнеше айлар бойы бөгеліп, қазақ, Орта Азия халықтары үшін арнайы «Тәкия» деп аталатын жатын үй салдырғанда, жат жердегі үлкен істің басы-қасында болып жүріп, тезірек бітіруге қолқабыс еткен де осы ер тұлғалы Ізғұтты еді”,-деп жазады белгілі жазушы Бейбіт Сапаралы .
Меккеде бірінші күні қағбаны жеті айналып, қабырғаға қойылған қасиетті «Қара тасты» сүйіп барып, ішке кіреді екен. Сол күні Құнекеңнің аяқ астынан ыстығы көтеріліп, өз аяғынан жүруге шамасы келмей қалады. Ауру адамды «ауруы елге жұғады» деп кіргізбейді екен. Құнекең сол күні кеште қамығып, құдайға налып, көзіне жас алыпты:
— Ей, жаратқан Алла, әу баста Құнанбай қып жаратып едің, аузыма дүйім елді қаратып едің. Бір кісідей бұл дүниенің рахатын көрсетіп едің, Алла. Оншадан-мұнша келгенде мен қалайша қор болдым?! Сонау жер түбінен келіп тұрып Қағбаның есігінің алдына жетіп, ішін көре алмағаннан маған өлім артық. Одан да Алла, мені алсаңшы, ажалыңды жібер, — деп көкке қаратып екі қолын жайған екен.
Осыны көріп, естіп отырған Ізғұтты:
— Құнеке, ренжіп, налымаңызшы. Алла жәрдем берсе, ертең мен сізді сол есіктен елдің алдымен кіргізейін, — депті. Құнанбай бұл сөзге нанар-нанбасын білмепті. Ертеңінде ұзыннан ұзақ кезекті көрген Ізғұтты Құнекеңе:
— Мініңіз, менің мойныма! – деген Ізғұтты дереу алпамсадай Құнекеңді екі аяғын мойнына асылдыра иығына балаша көтеріп қондырады да Қағбаны жеті айналады. Қасиетті тасты сүйеді. Ертеңіне құдай қуат беріп Құнекеңнің денсаулығы түзеле бастапты.
Сөйтіп Құнекең арманына жетіп, құдайдың үйін де елмен бірге көріп қайтыпты. Ізғұттының тар жерде жасаған тапқырлық ерлігіне өте риза болып, қол жайып, батасын беріпті.
Мекке сапарынан Құнекең «Үлкен қажы», Ізғұтты «Кіші қажы» атанып кайтыпты.