АНАЛАРҒА АРНАЛҒАН “ТЕЛЕФОНСЫЗ ТӘРБИЕ” АТТЫ СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТКІЗІЛДІ

Абай облысы “Әйел-қыздар” секторының ұйымдастыруымен  “Телефонсыз тәрбие” атты семинар-тренинг ұйымдастырылды. Балалар психологы Толқын Мәдиқызы семинарға жиналған әйел жамағатына бала тәрбиесіндегі жіберілмеуі керек қателіктер, баламен терең әрі тығыз байланыс орнату жолдары, перзентке қамқорлық пен жұмсақтық, қаталдық пен әділеттілікті дер кезінде таныту сынды ата-аналарға маңызды болған тақырыптар қозғалды.

“Бала тәрбиесі ешқашан салғырт қарауды көтермейтін, аса бір күрделі де маңызды іс. Адамды адамдық қалыпқа келтіретін де, аздырып, тоздыратын да тәрбие жұмысы. Балаға жас кезінде әсер ететін құбылыстар әр түрлі болғанмен оларды тәрбиелеуші әрине ата-ана. Бүгінгідей бәсекеге қабілетті талап еткен қоғамда жас ұрпақты сол қоғам мүддесіне сай, оның мұң-мұқтажын өтерлік, елін, жерін, халқын көзінің қарашығындай қорғайтын ұлтжанды, кісінің алажібін аттамайтын иманды азамат етіп тәрбиелеу көзделген. Бүгінгі ұрпақ ол – еліміздің болашағы”, – деді келелі кездесуде алғы сөз алған Абай Құнанбайұлы мешітінің наиб имамы Ерлан Омаров.

Жиын соңында әйелдер қауымы маманға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.