ЕРЕЖЕП АЙЫ ТУРАЛЫ ХАДИСТЕР

Пайғамбарымыз ﷺ үш қасиетті айдың біріншісі – Ережеп айы туралы өз хадистерінде кеңінен баян еткен.

Мәселен, ережеп айы кіргенде: «Раббым, ережеп пен шағбан айларын берекелі ете гөр! Бізді Рамазанға аман-есен жеткізе гөр!» (Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, I/259) – деген дұғамен қасиетті айларды бастайтын.

Икрима ибн Аббастан риуаят етілген хадисте Алла Елшісі ﷺ: «Ережеп – Алланың айы, Шағбан – менің айым, ал Рамазан – үмметімнің айы», – деген.

Әнас ибн Мәліктен (р.а) риуаят етілген осы хадистің жалғасында: «Ей, Расулалла! Ережеп айының «Шаһруллаһ» деп аталуының себебі не?» – деп сұрады. Сонда Алла Елшісі ﷺ: «Ережеп – Алла Тағаланың күнәларды кешіретін айы. Алла Тағала құзырында сүйікті ай. Бұл айда ұрыс-жанжал, қантөгіс тоқтатылған. Бұл айда Алла Тағала әнбиялардың, яғни пайғамбарлардың тәубелерін қабыл етіп, әулиелерді дұшпандарынан қорғаған. Бір кісі ережеп айын ораза ұстап өткізсе, Алла Тағаланың үш жақсылығына ие болады” деді.

Бір хадисте «Алла үшін айлардың жақсысы – ережеп айы. Ережеп – Алланың айы. Кім оны ұлықтаса, расында Алланың ісін ұлықтаған болады. Кім Алланың ісін ұлықтаған болса, ол нығметтерге толы  жаннаттарға  кіреді. Оған Алланың  разылығы түседі…»  делінеді.

Сәубан (р.а.) айтты: Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ екеуміз бірге кетіп бара жатыр едік. Жолымызда қабірлер болатын. Алла Елшісі ﷺ бір кезде қабірлерге қарап, көзіне жас алды. Содан соң маған қарап: «Ей, Сәубан, мына қабірдегі жатқан адамдарды қабір азабынан құтқаруды тілеп, Алла тағаладан дұға еттім. Егер де бұлар Ережеп айында бір күн ораза тұтқанда немесе құлшылық етсе, яки осы айда дүниеден өтсе, онда бұларға қабір азабы болмас еді», – деді.

Сонда мен: «Иә, Расулулла, Ережеп айының бір күн оразасы қабір азабынан құтылуға каффарат бола ма?» деп сұрадым. Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Әр мұсылман ең болмаса Ережеп айында бір күн нәпіл ораза ұстаса, ғибадат етіп, құлшылық жасаса немесе осы айда бұл дүниеден озса, Алла Тағала ол кісінің амал кітабына бір жылғы ғибадаттың сауабын жазар», – деді.

Мұса ибн Имран Әнас ибн Мәліктің естігенін былай деп баяндайды. Пайғамбарымыз ﷺ: «Жәннатта бір өзен бар. Ол өзеннің аты – Ережеп. Сүттен ақ, балдан тәтті. Кімде-кім ережеп айында бір күн ораза тұтса, Алла Тағала ол кісіге сол өзеннен сусындауды нәсіп етеді», – деп ережеп айында ораза ұстауға үмметін ынталандырған.

Сол мезетте қарт кісі орнынан тұрып: «Иә, Алла Елшісі! Мен ережеп айының барлығында ораза ұстауға әлсізбін», – деп сұрағанда оған Пайғамбарымыз ﷺ: «Ережеп айының басында, ортасында, аяғында ораза ұстасаң, ережеп айының барлық күндерінде ораза ұстағандай сауапқа ие боласың. Өйткені, бір жақсылық он есеге еселенеді», – деген.