Биыл Абайша айтқанда: «Адал жүріп, адал тұруды» мақсат тұтқан, ал Шәкәрімше: «Мейірім, ынсап, әділет, адал еңбек, таза жүрек, тату достық сынды өмірге қажет қасиеттерді» бойына жинай білген, асыл дінімізді сыйлайтын әрі қадірлейтін әрбір пенде үшін маңызды саналатын – Ережеп айы қаңтардың 23-і басталды. Ізгі амалдарын еселей түспек болған жандардың қуанышында шек жоқ, себебі бұл ай – сауапты ұлғайтатын ай. Бұл ай – кешірім мен құрмет айы. Бұл ай – ғибадат айы.
Мұсылмандар үшін қасиетті саналатын үш айдың (Ережеп, Шағбан, Рамазан) әрі соғыс атаулыдан, жамандықтан барынша тыйылуға шақыратын төрт айдың (Зулқағда, Зулхижжа, Мұхаррам, Ережеп) бірі де осы – Ережеп (Ражаб) айы. Бұл жөнінде қасиетті Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінің 36-аятында: «Әлбетте Алланың алдында, (бір жылдағы) айлардың саны – Алла көктер мен жерді жаратқан күнінде белгілеп қойғанындай – он екі ай. Олардың төртеуі – соғыс арам етілген (айлар). Міне, осы – Хақ Дін. Ендеше, ол айларда (соғысты адал деп соғысқа кіріп) өздеріңе зұлымдық етпеңдер!…», – делінген. Назар аударатын бір жайт, бұл айда жасалған жақсылық қалай еселенсе, дәл солай теріс амалдардың да ауырлығы артады. Оны Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) інісі Абдуллаһ ибн Аббастың осы аятқа берген түсініктемесі дәлелдей түседі: «Қасиетті айларда – яғни, Алла Тағала он екі ай бойы күнә істеуден тыйып, кейін сол он екі айдың төртеуін қасиетті етіп, олардың ерекшелігіне нұсқады. Осы себептен бұл төрт айда күнә істеу – ауыр қылмыс, ал игі іс істеу – үлкен іс әрі оның сауабы да соған сай». Ал Ережеп айын неліктен «Рухани дайындық айы» деп атаймыз? Біз өзі сонда не нәрсеге дайындық жүргізбекпіз?
«Ражаб» сөзі қазақша баламасында құрметтеу, ұлықтау деген мағына береді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Раббым, Ережеп пен Шағбан айларын берекелі ете гөр! Бізді Рамазанға аман–есен жеткізе гөр!», – деген дұғамен қасиетті айларды бастайтын. Осыдан келе, исламтанушы ғалымдардың жиі айтатын: «Ережеп – Рамазанға дайындық айы» деген пікірлері растала түседі. Демек, рухани тұрғыдан дайындық жүргізуіміздің алғашқы себебі – айлардың сұлтаны болған Рамазанға сақадай сай болу деген түсінікті қалыптастырады. Ал Ережеп айында жасалған амалдар, өз кезегінде Рамазан айының жеңіл өтуіне де сеп болмақ. Ізгі амалдар тізіміне нені кіргіземіз?
Тізімді ораза тұтудан бастасақ, ары қарай оны бес уақыт намазымызды берік қылу, құран оқуымызды, зікір айтуымызды жиілету, мұқтаж жандарға көмек беру, мейілінше жақсылықты көбейту сынды игі амалдар жалғай түспек. Рамазан айында ораза ұстауға ниеттеніп жүрген жандардың бұл айда әрекетсіз қалып, сауаптан айырылып қалуына болмас. Олай болса, Алла ниеттеріңізді қабыл қылып, жеңілдігін бергей деп тілейміз.
Ал «Ережеп – рухани дайындық айы» деген ұғымды екінші бір қырынан аша түссек, бұл айды тек қана Рамазанға дайындық деп, жеңіл-желпі ғана қабылдап қоя салуымыз, ден қойып құлшыныс арттырмауымыз орынсыз. Себебі, дәм- тұзымыздың таусылар шағын біз болжап біле алмаймыз. Сондықтан Жаратушының берген әрбір күнін – Ертеңімізге дайындық есебінде қабылдап, сауаптың еселенетін айында құр қол қусырып, уақытымызды босқа жіберіп алмауымыз керек. Рухани баю арқылы – кемелдене, толыса түскен жөн.
Біздің бірнеше ғасырлық тарихы бар қазақы салт-дәстүрлеріміз, табиғи болмысымыз, қарым-қабілетіміз бәрі-бәрі асыл дінімізбен ұштасады. Ер азаматтардың арасында «Ережеп» деген есімді иеленгендер де жоқ емес. Оның өзі белгілі мөлшердегі дін мен дәстүрдің тығыз байланысының нәтижесі. Ал рухани азық жинау, арғы дүниеге дайындық жөнінде ойшыл, жазушы-ақындардың жазып қалдырған өсиеттері мен халық ауызында жүрген нақыл сөздері бізге мәңгілік емес екендігімізді ескертеді. XI-XII ғасырдың көрнекті өкілі, ойшыл Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанында келетін: «Тірлігіңде ізгілігің көп болсын, еншісін ал, құр өткен күн жоқ болсын», – деген жолдарында да терең мән бар. Ол адам өмірін – ізгілік, жақсылық жасаумен байланыстырады.
Иә, сауап еселенетін айда біз жақсылықтың көп болуы қажеттігін дәріптеуіміз қажет, бірақ өзгеден кемшілік іздеуіміз – қателік. Осы орайда тағы да жазушы Шәкәрім Құдайбердіұлының:
«Біреудің мінін көргенше,
Жамандығын тергенше,
Өз ойыңды мазалап,
Өз бойыңды тазалап,
Өзіңмен күрес өлгенше!», – деген өлең жолдары еске оралады. Айналамыздағылардың жасаған амалдарын тізбектегенше, жақсылықтың артуына себепкер болайық, ізгілікке шақырайық. Рухани баюдың өзі жанымыздағы жандарды құрметтеуден басталмақ.
Ал 26 қаңтарда өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің 2023 жылды «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялауы бекер емес. Қоғам дегеніміз – сіз бен біз болғандықтан, бастама нәтижесі ойдағыдай болуы үшін игі амалдарымызды көбейте берейік. Ережеп айында жинаған біліміміз, өміріміздегі жаңашылдықтар, жақсы амалдарымыздың барлығы оңынан болып, Шағбан айын да ізгілікке бағыттай өткізіп, Рамазанға жеңіспен, рухани байыған болмысымызбен жетіуімізді Алла нәсіп еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Алмас АЙТКӘРІМҰЛЫ
Аягөз ауданының бас имамы
Пікір қалдыру