ОБЛЫС ИМАМДАРЫ ТӨРАЛҚА МӘЖІЛІСІНЕ ОНЛАЙН ҚОСЫЛДЫ

Елордада өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген Төралқа мәжілісіне Абай облысының имамдары онлайн қатысты. 

Мәжілісте ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2023 жылға арналған Төралқа мәжілісіндегі бағдарлық баяндамасын жасап, биыл діни саладағы 5 бағытқа басымдық берілетінін атап өтті.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2022 жылы жеті бағыт бойынша жемісті қызмет атқарды. Ал биыл мүфтият жұмысты одан ары жүйелеу, жандандыру мақсатында бес бағытқа басымдық береді. Олар – дін мен дәстүр; ізгі қоғам; ихсан және насихат; діни оқу-ағарту, жат діни ағымдардан сақтандыру» деді Бас мүфти.

Сонымен қатар, Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласынан Діни басқарманың ғылыми-зерттеу орталығы ашылатындығын, «Рухани қоғамдық кеңес» құрудың қолға алынғанын,  «Білімді ұрпақ» жобасы іске асатынын мәлімдеді.