“ҚАЗАҚЫ ТОЙ МӘДЕНИЕТІ – ДӘСТҮРІМІЗДІҢ МӘЙЕГІ” АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Абай облысы өкілдігі және облыстық Қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен «қазақы той мәдениеті – дәстүріміздің мәйегі» атты асабаларға арналған дөңгелек үстел өтті.  Alikhan Bokeikhan университетінде өткізілген кездесуге Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы, Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Садырбаев, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, имамдар мен асабалар жиналды. Шараның басты мақсаты – халықты ұлттық құндылықты ұмыт қалдырып, тойдағы бейәдеп көріністерге жол бермеуге шақыру.

“Қазақ тойды қазына деп атайды. Салт-дәстүрдің, тәрбиенің, ағайын-туыстың ара қатынасының қазынасы. Өкінішке орай, кейбір тойларда салт-дәстүріміздің, тәлім-тәрбиенің негізгі құндылықтары сақталмай жатады. Мысалы, бата беретін қарияның, қыз ұзатқанда, беташарда немесе баланың тұсауын кескенде өмір жолы үлгілі адамның таңдалмауы деген секілді. Кейде екі-үш рет тұрмыс құрған әншілердің қыз ұзатып жатқанын да көз көріп қалады. Бүгінгі жиынымыздың негізгі мақсаты да – осындай терең мағыналы салт-дәстүрлерімізді дұрыс сақтауға шақыру”,- дейді Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы.

“Тойдың этолоны деген түсінік қалыптасуы керек деп ойлаймын. Бүгінде халықтың пайым-парасаты өзгеріп келе жатыр. Демек той мазмұны да соған сай болу керек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасы дұрыс. Асабалар бүгінгі басқосудан тиісті ой түйіп, қазақи тойдың мәйегін іздейді деп ойлаймын. Қоғамның өзі уақыт өте бұған алып келеді. Бұл – бірінші басқосу. Айтылған ұсыныстар мен сұрақтарды әрі қарай да талқылаймыз”, – деді Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Сыдырбаев.

Дөңгелек үстел барысында тойға кешікпей келу мәдениетін қалыптастыру да сөз болды. Жиынға жиналған қатысушылар асабалардың той жүргізу әдебі мен оларға ұлттық дәстүр жөнінен шеберлік сағаттар ұйымдастыру, БАҚ арқылы насихаттау, ысырапшылдыққа жол бермеу, екінші той дастарханын шектеу сынды ұсыныстарын жеткізді.