АБАЙ ОБЛЫСЫНДА ДІН САЛАСЫНЫҢ ЖЫЛДЫҚ ЖОСПАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Абай облыстық “Абай Құнанбайұлы” мешітінде бас имам Асқар Әбітайұлының төрағалығымен өңір имамдарының жиыны өтті.

Дін қызметкерлерінің басқосуында Асқар Әбітайұлы «Ислам және ізгі қоғам» жылында ерекше назар аударылар маңызды бес бағытқа жан-жақты тоқталды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан бекітілген «Дін мен дәстүр», «Ізгі қоғам», «Ихсан және насихат», «Діни оқу-ағарту» және «Жат діни ағымдардан сақтандыру» бағыттары бойынша атқарылатын жұмыс жоспарын таныстырды.

Бас имам мешітке келуші жамағатпен, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандармен байланысты нығайту қажеттігін тілге тиек етті. Сонымен қатар,  уағыз айту әдебі, оқу-ағарту, насихаттауда заманауи тиімді тәсілдерді қолдану, жамағат және қоғаммен тығыз байланыс орнату, рухани ұлттық құндылықтарды, дін мен дәстүрді дәріптейтін іс-шараларды барынша жандандыру, жастарды жат ағым арбауынан сақтандыру, өңірді білікті кадрлармен қамтамасыз ету, дін қызметкерлерінің тұлғалық бейнесін қалыптастыру, тазалықты сақтау, мешіттің құжаттамаларына ұқыпты болу мәселелерін тұрақты назарда ұстау керектігін баса айтты.

Жиын соңында бас имам дін қызметкерлерін өңірдегі діни ахуалдың тұрақтылығын сақтай отырып, еліміздің басты құндылығы – халықтар арасындағы ынтымақ пен бірлікті күшейтуге лайықты үлестерін қосуға  шақырды.