ЖҰБАЙЫМЕН БІР ҚАБІРГЕ ЖЕРЛЕУІН ӨСИЕТ ЕТКЕН АДАМНЫҢ ӨСИЕТІН ОРЫНДАУ МІНДЕТТІ МЕ?

Шариғат термині бойынша, өсиет дегеніміз – тірі адамның өзі өмірден өткеннен кейін дүние-мүлкінің белгілі бір бөлігінің екінші бір адамның иелігіне өткізетіндігін айтуы. Кісі тірі күнінде дүние-мүлкінің ең көбінде 1/3 бір бөлігін ғана өсиет алады және бұл өсиеті оның артында қалған мұрасынан бөлініп беріледі. Мұндай өсиетті орындау міндетті болып табылады. 1/3 бөлігінен көбін өсиет еткен жағдайда мұрагерлерінің келісімі негізінде ғана бұл өсиет жарамды болып саналады[1].

Ал, адам тірі кезінде дүниеден өткен соң өзін белгілі бір кісілердің жуындыруын, жаназасын оқуын және жерлеуін немесе белгілі бір жерге жерлеуін өсиет етсе, мұндай өсиет міндетті болып есептелмейді. Алайда, марқұмның жақындары қаласа бұл өсиетті орындай алады[2].

Жалпы, қалыпты жағдайларда бір қабірге жалғыз кісі ғана жерленеді. Алдымен жерленген кісі толықтай шіріп, топыраққа айналып кетпейінше, зәрулік жағдайларының тысында қабірді ашуға және оған екінші бір кісін жерлеуге рұқсат жоқ.

Ал, көмілген мәйіт толық шіріп, топыраққа айналып кеткеннен кейін орнына басқа бір марқұмды жерлей беруге болады. Бұл жерде мәйіттердің ерлі-зайыпты, ағайынды немесе бөтен кісілер болуының ешқандай айырмашылығы жоқ.

Көп уақыт бұрын жерленген қабірдегі сүйек топыраққа айналып кетті деген оймен қабір ашылған кезде, мәйіттің кей сүйектері әлі шірімей сақталған болса, оларды бір бұрышқа ығыстырып, арасына топырақ төгіп, жанына басқа бір мәйітті жерлеуге болады[3].

Жоғарыда да айтқанымыздай, қандай да бір жерге көмуді өсиет еткен кісінің өсиетін орындау міндетті емес. Дегенмен, мұндай өсиетті орындаудың да айыбы жоқ[4].

Себебі, Омар ибн Хаттаб (р.а.) дүние салардан бұрын Айша анамыздан (р.а.) өзін ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) пен Әбу Бәккір Сыддықтың (р.а.) жанына жерлеуге рұқсат сұрап адам жібереді. Айша анамыз (р.а.) «Мұны өзім үшін сақтап отыр едім. Бірақ, Омарды өзімнен артық көремін», – деп рұқсатын береді. Осылайша, Омар (р.а.) өз өсиеті бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мен Әбу Бәкірдің (р.а.) жанына жерленеді[5].

[1] Маусили, Әл-Ихтияр, 4/376-377.

[2] Әл-Фәтәуә әл-хиндия, 1/179.

[3] Маусили, Әл-Ихтияр, 1/320.

[4] Ибн Абидин, Раддул Мухтар, 3/122.

[5] Ибн Сағд, Табақатул кубра, 3/280.

 

Қуаныш ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ

Абай облысы “Шариғат және пәтуа” бөлімінің жауапты маманы