Құрметті Абай елінің тұрғындары!
Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен мүбәрак Рамазан айының келуімен құттықтаймын!
Рамазан – тәубе мен тәрбие, тақуалық пен қанағат, шүкір мен сабыр, мейірім мен қайырымдылық, береке мен бірлік айы. Ораза – сауап жинап, рухани кемелдену айы. Түйіндеп айтқанда, Рамазан – Раббымыздың мейірім-махаббатына бөленетін ай.
Хәкім Абай өзінің «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңінде:
Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті
Қылғанменен татымды бермес жеміс, – дейді.
Ақынның бастапқы үші деп отырғаны Алланы, адамзатты және әділетті сүю болатын. Міне, осы үш «Имани гүл» кеудесінде бүр жарған адамның ғана соңғы төртеу – ораза, намаз, зекет, қажылығы қабыл болатынын алға тартады.
Шарапаты мен шапағаты мол айда сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығына бөленуге асығайық, ағайын! Өйткені, мұсылманның осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшылықтары, жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалдары еселеніп жазылады. Оразаны рухани тұрғыдан сезінген жан Алланың теңдессіз сыйынан шет қалғысы келмейтіні сондықтан, Ораза – күндіз ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Рамазан – рухтың азығы, тәннің шипасы.
Биылғы Рамазан айы ұлтымыздың ежелгі мерекесі – Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келіп отыр. Бес мың жылдық тарихы бар Наурыз мерекесі береке-бірлігі жарасқан Қазақстан халқының ынтымағына ұйытқы болатын мерекеге айналды.
Рамазан айлары аралығында Семей өңірінің халқы үлкен қуанышқа кенелді. аймағымыз өз алдына отау тігіп, Абай облысы деген ресми атауға ие болды. Алла Тағала жерімізге ырыс, таусылмас құт нәсіп етсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің мерейі әрқашан үстем болғай!
Жаратушы Иеміз баршамызды оразадан оразаға дейін айдан аман, жылдан есен жақсылықпен жеткізе берсін деп тілеймін! Әумин!
Асқар Әбітайұлы
Абай облысының бас имамы
Пікір қалдыру