ИМАМ ЕКІ БҮЛДІРШІНДІ ӨРТТЕН АМАН АЛЫП ШЫҚТЫ

Жуырда Абай облысына қарасты Үржар ауданы Көктерек ауылында ауа-райы тудырған өрттің салдарынан бір отбасы баспанасыз қалды. Тілсіз жау үйді отқа ораған сәтте баспанада екі бүлдіршін болған. Өрттің себептері анықталу үстінде.

Оқиға күні үйде үш және төрт жастағы кішкентай қыздар әкелерімен болған. Сол күні жел қатты тұрып, көрші үйден өрт шығады. Ауыл тұрғындары жиналып сөндіруге тырысып жатқанда, қыздарын үйге қалдырып Ербол ағамыз да көмекке аттанады. Бірнеше уақыттан кейін Көктерек ауылында екінші үйден де өрт шығып, санаулы минуттарда қыздар қалған баспананы жалын басады. Осы сәтте ауылдың имамы Сержан Есіркенов үйде екі бүлдіршіннің қалғанын естіп, терезені сындырып ішке кіреді. Қыздарды көк түніннің ішінен аман алып шыққан кейін-ақ 15 минуттың ішінде баспана толық жанып үлгерген.

Қазіргі уақытта аталған жанұяға ауыл тұрғындары тарапынан барлық көмек түрі көрсетілуде. Ал, қыздардың ата-анасы имамның ерлігіне ризашылықтарын білдіріп, алғысын айтуда.

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Кім бір адамды өлімнен құтқарса, бүкіл адамзатты тірілткенмен тең», – дейді. Адам жанын өрттен аман алып қалған жанашыр бауырларымызға Алла разы болсын!