РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАТА САЙЫСЫНДА ЖЕРЛЕСІМІЗ ЖҮЛДЕЛІ БОЛДЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Астана қаласында Бас мешітте ақсақалдар арасында І республикалық бата беру байқауы өтті. Байқауға облыс, қалаларда өткен іріктеу турында үздік деп танылған 20 ақсақал қатысты.

Игі іс-шараның ашылу салтанатында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Халқымыз үшін бата беру – адам баласының сенімін нықтайтын мағыналы, рухани күш. Ата-бабаларымыз бұрыннан ақсақалдың батасын, алғысын алуды өзіне парыз санаған. Батаны көпті көрген қариялар ғана береді.

Сондықтан қариялар да халық алдында беделін түсіріп алмауға, бата беруге лайық болуға тырысқан. Біз бата беру дәстүрімізді жаңғырту мақсатында осы іс-шараны республикалық деңгейде өткізіп отырмыз» деді.

Сондай-ақ, Бас мүфти жолдың алыстығына, өздерінің қарттығына қарамай елорда төрінен табылып, қазақтың бата беру салтын қайта жаңғыртқан ақсақалдарға айрықша алғысын білдірді. Сондай-ақ осы байқауды республикалық деңгейде алғаш рет ұйымдастырып отырған Діни басқарма ұжымына және тағылымды сайысқа демеушілік жасаған жомарт азаматтарға ризашылығын жеткізді.

Ақсақалдардың бата беру өнерін ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев, жазушы-журналист, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, филология ғылымының докторы, профессор Серік Негимов, ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы мен елордалағы «Шейх Кунта қажы» мешітінің бас имамы Өмірзақ Бекқожа бағалап, төрелік жасады.

Қазылар алқасының шешімімен шариғат пен дәстүрге сай мағыналы бата беру, дауыс ырғағы, киім үлгісі, қосымша сұрақтарға жауап беру талаптары бойынша үздік деп танылған ақсақал Балтабай Сыздықов (Павлодар облысы) 1-орынды жеңіп алды. 2-орын Серікбек Балқыбекұлына (Жетісу облысы) және 3-орын Шахан Тұрсынханов (Абай облысы) ақсақалға бұйырды. Сонымен қатар Жұмабай Тәжібаев (Алматы қаласы), Самиғолла Машаев (Атырау облысы) пен Дәріқұл Махамбетовке (Қызылорда облысы) ынталандыру сыйлығы және барлық қатысушы ақсақалдарға қаржылай сыйлық берілді.