БҮЛДІРШІНДЕР АЛЛА ТАҒАЛАНЫҢ КӨРКЕМ ЕСІМІН ЖАТҚА АЙТУДАН ЖАРЫСТЫ

Абай облысында «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында бүлдіршіндер арасында Алланың 99 көркем есімін жатқа айту және ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің ﷺ өмірбаяны бойынша рухани білім сайысы өтті.

Сайыс шымылдығын ашқан Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы Алланың көркем есімдерінің берекесі мен Алла елшісінің ﷺ ізгі қасиеттері жайлы баяндап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ал, аталған жарыстың ұйымдастырушысы Семей қалалық “Тас” мешітінің бас имамы Нұрбек Нәзерұлы «Біз бұл сайысты ұйымдастырудағы мақсатымызға ендігі жетіп қойдық. Жарыс болады деген күннен бастап қаншама шаңырақта Алланың есімдері ұлықталып, Пайғамбарымыздың ﷺ ізгі қасиеттері дәріптелді. Бұл біздің – ең басты жеңісіміз», – деп атап өтті.

Додаға Абай облысының аудандары мен қалалық мешіттерінің шәкірттерінен жалпы саны 40 бала қатысты. 6 жастан 13 жасқа дейінгі балалар бақ сынаған сайыс 2 кезеңнен тұрды.

Алғашқы кезеңде әр қатысушы Алла Тағаланың 99 көркем есімін жатқа айтса, кейбір шәкірттер қазақша мағынасымен бірге мүдірмей айтып шықты. Екінші кезеңге 14 шәкірт өтіп, оларға Мұхаммед ﷺ пайғамбарымыздың өмірбаяны мен тұлғалық қасиеттеріне арналған 33 сұрақтан тұратын тест берілді.

Екі кезең қорытындысы бойынша үздік шыққан шәкірттерге арнаулы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Атап айтқанда, Абай Құнанбайұлы орталық мешітінің шәкірті Нұрсұлтан Кенжеханұлы 1-орынды (200 мың тг ақшалай сыйлық), Семей қалалық Даланбай ата мешітінің шәкірті Мағжан Манарбекұлы 2-орынды (100 мың тг ақшалай сыйлық), Мақаншы аудандық мешітінің шәкірті Ниязғали Гүлайым (50 мың тг) мен Семейлік Хакім Хазірет мешітінің шәкірті Азизрахман Самиғуллаұлы (Велосипед) 3-орынды қанжығасына байлады.

Сондай-ақ, екінші кезеңге өткен 10 шәкіртке садақ сыйға беріліп, әрқайсысына 10 мың теңгеден ақшалай сыйлық үлестірілді. Ал, жарыстың ең жас қатысушысы, әрі, Алланың 99 есімінен алғашқы 40 есімді мүдірмей жатқа айтқан 5 жасар бүлдіршін Қайратұлы Әлиге велосипед сыйға тартылды.

Жас ұрпақтың бойына ізгілік дәнегін егуді мақсат еткен сайыс өз мәресіне жетіп, қаншама балаларға қуаныш сыйлады. Ұстаздар мен ата-аналардың мерейін өсірді.