ТӘУЕЛСІЗДІК – ҮЛКЕН НЫҒМЕТ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Тамыры тереңге тартқан тарихымызда ата-бабамыз ерікті ел болу жолында қаншама тар жол тайғақ кешті, қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерді. Кешегі Керей мен Жәнібек хандардың ұлы мұраттары, Абылайханның асқақ арманы, Кенесарының мақсаты, одан бергі Алаш идеясы, осылардың барлығының түп төркіні Тәуелсіз ел болу еді. Аллаға мың да бір шүкір, біздер Тәуелсіздіктің ақ таңына куә болған ұрпақпыз. Мұнысына шүкірлік білдіреміз. Тәуелсіздік елімізге еркіндік сыйлады, дербес ел болдық. Онымен қоса асыл дініміз де кең қанат жайды.

Тәуелсіздік – барша халқымыз үшін үлкен қуаныш, ұлы бақыт. Халқымыз: «Қуана білмегенге құт қонбайды», – деген. Қасиетті Құранның «Жүніс» сүресі, 58-аятында Алла Тағала мұсылманның жақсылыққа, берілген  нығметке қуанатындығын айтып:

قُلْ بِفَضْلِ اللَّهِ وَبِرَحْمَتِهِ فَبِذَلِكَ فَلْيَفْرَحُوا هُوَ خَيْرٌ مِمَّا يَجْمَعُونَ

«Оларға айт: Бұл Алланың кеңшілігі мен рақымының арқасы. Ендеше олар да қуансын. Өйткені бұл олардың бүкіл жиған-тергенінен әлдеқайда артық (қайырлы)», – деген.

Халық даналығындағы «Егеменді ел көрікті, бетегелі бел көрікті», «Азат елдің аспаны ашық», «Тәуелдінің соры қалың, тәуелсіздің бағы басым», – деген қанатты сөздер, біздерді тәуелсіздігіміздің қадірін біліп, оны бағалауға шақырады. Ақтамберді жырау:

Кеуде бір жерді жол қылсам,

Шөлең бір жерді көл қылсам,

Құрап жанды көп жиып,

Өз алдына ел қылсам! – деп арман еткен тәуелсіздікті, Алла Тағала біздердің көруімізге нәсіп етті.

Тәуелсіз елімізде өмір сүрген әр адамның жүрегінде Отанына деген шынайы махаббаты болып, тәуелсіздік нығметін бағалай білуі тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранда «Нахл» сүресі, 112-ші аятта:

وَضَرَبَ اللَّهُ مَثَلاً قَرْيَة كَانَتْ آمِنَةً مُطْمَئِنَّةً يَأْتِيهَا رِزْقُهَا رَغَداً مِنْ كُلِّ مَكَانٍ فَكَفَرَتْ بِأَنْعُمِ اللَّهِ فَأَذَاقَهَا اللَّهُ لِبَاسَ الْجُوعِ وَالْخَوْفِ بِمَا كَانُوا يَصْنَعُونَ

«Алла (ғибрат аларсыңдар деп) мынадай ауылды мысалға келтірді: Ол ауыл бейбіт, мамыражай еді. Ризық-несібесі жан-жақтан ағыл-тегіл келіп тұратын. Алайда ол ауылдың халқы Алланың осынау нығметінің қадірін біле алмады (яғни, тұрақтылық пен ризық-несібеге, Алланың нығметтеріне күпірлік етті). Сөйтіп Алла оларға қылықтарының салдарынан ашаршылық пен қауіп-қатердің шекпенін кигізіп, ащы дәмін таттырды», – деп айтқан.

Бұл аятта Алла Тағала Мекке халқына және басқаларға керемет мысалдарды баян етеді. Олар ғажайып мамыражай, тату, берекелі кезеңді бастарынан кешіріп жатқан еді. Алланың нығметтері оларға күтпеген жерден еселеніп келетін. Осындай нығметтердің иесі Алла Тағалаға шүкіршілік етпеді. Сол себепті Алла олардың жүректеріне қорқыныш ұялатып, тыныштық нығметін алып қойды.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:

مَنْ أَصْبَحَ مِنْكُمْ آمِنًا فِي سِرْبِهِ مُعَافًى فِي جَسَدِهِ عِنْدَهُ قُوتُ يَوْمِهِ فَكَأَنَّمَا حِيزَتْ لَهُ الدُّنْيَا بِحَذَافِيرِهَا

«Кімде-кім өз үйінде (отбасының қасында) амандықпен ешкімнен қорықпай, дені сау және бір күндік тамағы болып таң аттырса, бүкіл дүние алдына жиналғандай болады»[1], – деген.

Бостандық, еркіндік бізге оңайлықпен келген жоқ. Ендігі кезекте осы ұлы нығметтің қадірін біліп, оны аялай білу баршамызға үлкен аманат. Бұл аманатты сақтап, ұрпақтан ұрпаққа мұра ету үшін мына істерді басты назарда ұстағанымыз жөн:

Бірінші: Туған елімізді жақсы көріп, әркез ізгі-ниетпен дұғада болу

Адамның дүниеге келіп, топырағына аунап өскен жерін «Отан» деп атайтын болсақ, Отанға, туған елге, оның топырағына деген сүйіспеншілік – әрбір жан үшін аса киелі ұғым саналады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің туып өскен өлкесін қатты жақсы көретін еді. Алла Елшісі бір күні сахабаларымен Ұхыд тауының қасынан өтіп бара жатып:

هَذَا أُحُدٌ وَهُوَ جَبَلٌ يُحِبُّنَا وَ نُحِبُّهُ

«Мынау тұрған Ұхыд тауы. Бұл тау бізді жақсы көреді, біз де оны жақсы көреміз», – дейді. Осылайша Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біздерге туған жерді, оның әрбір тауы мен тасын, өзені мен суын жақсы көріп, бағалауға үйреткен. Сонымен қатар ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған жері үшін әркез дұға етіп жүретін болған. Хадис шәріпте Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алла! Бізге құрмамызға береке бер, Мәдинамызға береке бер, өлшемдерімізге береке бер! Уа, Алла! Ибраһим Сенің құлың әрі досың және пайғамбарың һәм мен де Сенің құлыңмын әрі пайғамбарыңмын. Расында ол Сенен Мекке үшін дұға жасады, ал мен оның Меккеге дұға еткені сияқты һәм тағы да сондай (береке тілеп) Мәдина үшін дұға етемін!» − деп дұға еткені жеткен.

Алла Елшісінің осындай ізгі істерін біз де үлгі етіп, тәуелсіз еліміздің өркендеуін, халқымыздың амандығын тілеп, әрдайым құлшылықтарымызда дұға етуді әдетке айналдыруымыз қажет.

Екінші: Бірлікте болу, бөлінуден сақтану

Асыл дініміз адамдардың арасын бөліп-жармауға, өзара бірлік пен ынтымақта болуға үндеп, адамзаттың бір атадан тарағанын айтады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хұжұрат» сүресі, 13-аятында:

يَاأَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُمْ مِنْ ذَكَرٍ وَأُنثَى وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِنْدَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ

«Уа, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір ер, бір әйелден жараттық. Өзара қарым-қатынас жасап, бір-бірлеріңді танысын деп түрлі ұлт пен ұлыстарға бөлдік. Алла құзырында ең абыройлыларың тақуа болғандарың. Шын мәнінде, Алла барлық нәрсені кәміл білуші, барлығынан толық хабардар», – деп айтқан.

Қайсы бір ел оның халқы бірлікте болғанда ғана өркендеп дамиды. Бірлігі жоқ елде береке де, даму да болмайды. Осы себепті ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс жасау керек», – деп айтқанындай, әрқайсымыз халқымыздың бірлігі үшін қам жей білуіміз қажет.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

مَثَلُ الْمًؤْمِنِينَ فِي تَوَادّهِمْ  وَ تَرَاحُمِهِمْ وَ تَعَاطُفِهِمْ مَثَلُ الْجَسَدِ إِذَا اِشْتَكَى مِنْهُ عُضوٌ تَدَاعَى لَهُ سَائِرَ الْجَسَدِ بِالسَّهْرِ وَالْحُمَّى

«Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады», – деген (имам Бұхари).

Абай Хакімнің «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген танымы адамның өмірін қастерлеу, ақысына құрмет ету, өміріне ойран істемеу, жазықсыз жәбір-жапа көрсетпеу сынды асқақ мұсылманшылық қасиеттерді танытады. Ислам тарихында ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина қаласында бірнеше дін өкілдерінің бейбітшілікте, бірлік пен ынтымақта өмір сүруі үшін «Мәдина конституциясы» деген құжат қабылдаған. Бұл асыл дініміз Исламда қоғам мүшелері бейберекетсіздікке, жік-жікке бөлінуге жол беруіне болмайтындығына, олардың өзара бейбітшілікте өмір сүруіне үндейтіндігіне дәлел.

Үшінші: Қоғамға қызмет ету

Тарихта халқымыздың қиын-қыстау күн кешкен сәті аз емес. Сұрапыл соғысты да, азапты да, ашаршылықты да, қуғын-сүргінді де өттік. Бірақ ата-бабаларымыз тізесі бүгілсе де, еңсесі еңкеймей, иманы мен рухын асқақ ұстады. Бабалар аңсаған тәуелсіздік бізге осындай өткелдермен жетті. Ендігі ұрпақтың мұраты бақыттың бағасына жетіп, қоғамға адал қызмет ету болуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

خَيْرُ النَّاسِ أَنْفَعُهُمْ لِلنَّاسِ

«Адамдардың ішіндегі ең жақсысы –  өзгелерге көбірек пайда тигізгендері», – деген. Даналығымен елге танылып, әділдігімен қара қылды қақ жарған Әйтеке би бабамыз: «Өмірім халықтікі, өлімім ғана өзімдікі», – деу арқылы, туған еліне қызмет етуді өзіне қасиетті борыш тұтқан. Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың: «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», – деген сөздері баршамызға үлгі. Жүсіпбек Аймауытовтың: «Бұл уақыт – жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт»,– деген сөздері тура бір осы уақытқа меңзеліп айтылғандай.

Елге қызмет етуге – әркім өз қызметін кіршіксіз адал ниетпен атқаруы, ғылым оқуы, осы елдің әр азаматын құрметтеуі, ел игілігі үшін ізгі амалдар жасауы сияқты т.б. істер жатады. Әбу Зәрр (Алла оған разы болсын) былай деген:

قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللهِ، أَرَأَيْتَ إِنْ ضَعُفْتُ عَنْ بَعْضِ الْعَمَلِ؟ قَالَ: تَكُفُّ شَرَّكَ عَنِ النَّاسِ فَإِنَّهَا صَدَقَةٌ مِنْكَ عَلَى نَفْسِكَ

«Мен Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың Елшісі! Егер жақсылық жасай алмайтындай болсам не істеймін?» − деп сұрадым. Сонда ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдарға ешқандай жамандық жасамауға тырыс. Расында, солай етуің өз-өзіңе берген садақа», − деді», – деп айтқан.

Қандай да бір қоғам, оның әрбір азаматы «Елім маған не береді?» – деп емес, «Мен еліме не беремін?» – деген ұстанымда болғанда ғана ол ел алға басады.

Төртінші: Бейбітшілікті сақтап, бүліктен ұзақ болу

Ислам – араб тілінде бейбітшілік, тыныштық  деген мағына береді. Аты айтып тұрғандай Исламның бейбітсүйгіш дін екенін атауынан байқауға болады. Екі мұсылман кездессе «Әссалаумағалейкум» (саған Алланың сәлемі болсын!) деп сәлем беріп, «Уа ғалейкум әссалам» (саған да Алланың сәлемі болсын) деп жауап беріп, қол алысып, бір-біріне Алладан амандық, бейбітшілік тілеп дұға етеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) хадисінде:

‎الْمُسْلِمُ مَنْ سَلِمَ الْمُسْلِمُونَ مِنْ لِسَانِهِ وَيَدِهِ

«Нағыз мұсылман – басқа бір мұсылманға тілімен және қолымен зиян келтірмеген адам», – деп мұсылманды осылайша сипаттаған (имам Бұхари).

Бейбіт елдің тынышын алып, мазасын қашыратын нәрсенің ең бастысы – бүлік. Қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салушылыққа Алла Тағала қатаң түрде тыйым салып, қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 56-аятында

وَلاَ تُفْسِدُواْ فِي الأَرْضِ بَعْدَ إِصْلاَحِهَا

«Жер беті дұрысталғаннан кейін бүлікшілік жасамаңдар», – деп айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бөлінушілікке жол ашқандар – бізден емес», – деп айтқан.

Халқымызда: «Білім іздеген өсер,  бүлік іздеген өшер» деген аталы сөз бар. Елінің бақытын көздеген адам бүлікті емес, қайта халыққа пайдасы тиетін іс жасауға тырысуы қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 217-аятында:

وَالْفِتْنَةُ أَكْبَرُ مِنَ الْقَتْلِ

«Бүлік шығару адам өлтіруден де ауыр (күнә)», – деп ескерткен.

Қазіргі күндері әлеуметтік желіде қоғамның арасында іріткі салу үшін қандай да бір тұлғаға жала жауып, істемеген ісін істеді деп, көпшілік арасында түрлі күмәнді ойлар салып жатады. Мұсылман адам қандай да бір ақпараттың дұрыс-бұрысын ажыратпай тұрып оған сенуіне, көпшілікке таратуына болмайды. Өйткені мұндай іс тағы да сол қоғамның бірлігінің ыдырауына, ел арасында өсек пен өтіріктің белең алуына, соңында бүліктің шығуына ықпал етеді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хұжұрат» сүресі, 6-аятында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِن جَاءَكُمْ فَاسِقٌ بِنَبَإٍ فَتَبَيَّنُوا أَن تُصِيبُوا قَوْمًا بِجَهَالَةٍ فَتُصْبِحُوا عَلَى مَا فَعَلْتُمْ نَادِمِينَ

«Уа, иман келтіргендер! Егер жолынан тайған пасық адам сендерге бір хабар әкелсе, әуелі анық-қанығына жетіңдер, әйтпесе білмей, абайсызда бір елге кесірлерің тиіп кетеді де кейін істегендеріңе өкінесіңдер», – деп ескерткен.

Сондықтан да ұлттық бірлігімізді бұзып, бір-бірімізді іштен айдап салуға тырысатын топтарға көзсіз еріп кете беруден сақтануымыз қажет. Өйткені Отанын шынайы сүйе білген адам бүлікке емес, әрдайым бірлікке қадам басады.

Қадірменді жамағат!

Тәуелсіздік – талайдың тағдырына бұйырмаған баға жетпес бақыт. Алла Тағаланың бізге берген үлкен нығмет-сыйы. Ғасырлар бойы жүргізілген тынымсыз күрес пен қайсар бабаларымыздың ерен еңбегі. Сондықтан Тәуелсіздік – біздер үшін аманат. Осы қасиетті құндылығымызды атадан балаға, баладан ұрпаққа қалдыруға үлес қосу кез келген саналы адамға міндет.

Пайғамбарлар қиссасында Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) Бәни Исраилдіктерді перғауынның зұлымдығынан құтқарып, оларға еркіндік сыйлағаны айтылған. Қасиетті Құранда перғауын Мұса пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын):

قَالَ أَلَمْ نُرَبِّكَ فِينَا وَلِيدًا وَلَبِثْتَ فِينَا مِنْ عُمُرِكَ سِنِينَ. وَفَعَلْتَ فَعْلَتَكَ الَّتِي فَعَلْتَ وَأَنتَ مِنَ الْكَافِرِينَ

«Сен біздің қолымызда тәрбиеленіп, ғұмырыңның неше жылын арамызда өткердің емес пе? Істеріңді істедің, енді сен жақсылыққа күпір етушілердің қатарынан боласың», – дегені айтылған («Шұғара» сүресі, 18-19-аяттар). Сонда Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) оған:

وَتِلْكَ نِعْمَةٌ تَمُنُّهَا عَلَيَّ أَنْ عَبَّدتَّ بَنِي إِسْرَائِيلَ

«Сен Исраил ұрпақтарын құл етіп, маған міндетсіген игілігің осы», ­– деп жауап қатады («Шұғара» сүресі, 22-аят).

Бұл аяттар Ислам діні адам баласының өзгеге тәуелді болуын құптамайтындығына  және тәуелсіз болудың үлкен нығмет екендігіне дәлел.

Асан Қайғы бабамыз:

Ата жұрты бұқара,

Өз қолыңда болмаса.

Қанша жақсы болса да,

Қайратты туған ер ғаріп!» – деп, өзгеге тәуелді болуды ғаріптікке теңеген.

Алла Тағала Тәуелсіздігімізді тұғырлы, егемендігімізді еңселі етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі

 

[1] Бұхари хадистер жинағы.