МЕШІТТЕР АРАСЫНДА ДӘСТҮРЛІ САДАҚ АТУДАН САЙЫС ӨТТІ

Абай облысы өкілдігі жергілікті Алаш мергендері дәстүрлі садақ ату орталығымен бірлесе отырып Семей қалалық мешіттерінің арасында садақ атудан топтық сайыс өткізді. Бұл сайыстың мақсаты – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті, әрі бабаларымыздың қанына сіңген садақ ату өнерін халық арасында насихаттап, мергендік дәстүрді жаңғырту болды.

Жарысқа 12 мешіттен команда қатысты. Әр команда бір мешіт қызметкері мен екі жамағаттан құралды. Сайысқа ірі жарыстарға қатыспаған, бұрын-соңды садақ атып көрмеген немесе енді ғана бастап жүрген адамдар ғана қатыстырылды.

Тартысты өткен сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен 8 команда ширек финалда бақ сынады. Сөйтіп жартылай финалға 4 команда суырылып шықты. Финалға дейінгі сайыс 15 метрден нысанын көздеу бойынша өтсе, финалдық және жүлделі 3-орын үшін сайыс Жамбы ату бойынша өткізіліп, қатысушылар мен көрермендердің рухын серпілтті.

Сайыс қорытындысы бойынша 2-ші және 3-орын иеленген Тас және Төкеш мешіттері командасының әрбір қатысушысына «Алаш мергендері» дәстүрлі садақ ату орталығының 1 айлық абонементі сыйға берілді. Ал, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан Төлеубек қажы мешіті командасына 50 мың теңге қаржылай сыйлыққпен марапатталды. Сондай-ақ, ширек финалға өткен барлық қатысушыларға Алаш мергендері садақ ату орталығында 1 сағаттық жаттығу сертификаты табысталды.

Сайыс соңында Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы жеңімпаздарды марапаттаумен қатар, садақ атудың пайдасы мен маңыздылығына тоқталып, сайысқа қатысушылардың барлығына разылығын білдірді.