АЯГӨЗ: АТАЛАР МЕКТЕБІ – БАБАЛАР ЖОЛЫ

ҚМДБ–ның бастамасымен 2024 жыл – «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы болып жарияланған еді. Осыған орай, Аягөз қалалық мешітінде 21 ақпан күні «Бабалар жолы» атты жиын өтті. Бас қосуға мешіт жанынан құрылған «Аталар мектебінің» ақсақалдары, ауданның бас имамы Алмас Айткәрімұлы қатысты. Мақсат – дәстүрлі дініміз бен салтымызды заман талабына сай жаңғырту, келешек ұрпақ тәрбиесіндегі «Аталар мектебінің» рөлін айшықтау. Сондай-ақ, шарада кейбір діни рәсімдердегі іс-әрекеттерді жөнге келтіру жайында сөз қозғалып, көреген қариялардың пікірі тыңдалды. Жерлеу, зират, ас беру мәселелері де күн тәртібінен тыс қалмады. «Қартың болса, жазып қойған хатпен тең» – деп халық даналығында айтылғандай, жиын соңында ақсақалдар берекелі іске оң батасын берді.