АБАЙ ОБЛЫСЫНДАҒЫ БАРЛЫҚ МЕШІТТЕРДЕ АЛҒАШҚЫ ТАРАУИХ НАМАЗЫ ОҚЫЛДЫ

Бүгін еліміздің және Абай облысының барлық мешіттерінде алғашқы тарауих намазы оқылып басталды. Бұл жаңа айдың тууымен қатар, Қасиетті Рамазан айының кіргенін білдіреді. Тарауих намазыоблысымызға қарасты барлық мешіттерде алдағы отыз күн бойы оқылады. «Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешітте» тарауих намазын оқу үшін Мағжан Қалелұлы келді. Ол 2018-2022 жылдары Сарыағаш медресесін оқып бітірген. 2022жылдан бастап Абай облысы, Семей қаласындағы « Хәкім Хазірет мекемесінің» ұстазы болып қызмет атқарады.  Тарауих намазы сүннет, яғни бекітілген күшті сүннет қатарына жатады. Бес уақыт намаз оқу әрбір адамның парызы болса, таруих намазының оқылатын өз уақыты бар. Айлардың сұлтаны болып саналатын қасиетті Рамазан айының адамзатқа рухани және әлеуметтік, медициналық жағынан пайдасы бар. Бұл айда ораза тұтқан соң, кешкісін құптан намазынан кейін жиырма ракат тарауих намазы оқылады. Әрбір мешітте тарауих намазын арнайы шақырылған қарилер оқиды. Семей қаласында Тарауих намазында толық Құран Хатым жеті мешітте оқылады. Атап айтсақ, «Абай Құнанбайұлы атындағы» орталық мешіт, Тыныбай мешіті, Хәкім Хәзірет мешіті, Қос Мұнаралы мешіт, Тас мешіт, «Шәкәрім қажы» мешіті және Әли (р.ғ ) мешіті.Жалпы тарауих сөзі «дем алу, демалыс» деген мағынаны білдіреді.