Семей қаласындағы Әбу Бәкір Сыддық мешітінің ашылғанына 1 жыл толуына орай аталмыш мешіттің имамы Айдын Жүнісханұлының ұйымдастыруымен Шәмс-Нәс сүрелері арасындағы сүрелерді жатқа оқу бойынша Құран жарысы өтті.
Білім сайысына Абай облысы мешіттерінің жанындағы діни сауат ашу курстарында тәлім алып жүрген 30 шәкірт қатысты. Жиынның алғы сөзін Айдын Жүнісханұлы бастап, сайысты ұйымдастырудың мақсаты туралы баяндады.
Келесі кезекте Абай облыстық орталық мешітінің наиб имамы, Абай облысы бойынша Діни оқу-ағарту бөілімінің жауапты өкілі Ерлан Досымұлы діни ілім алудың маңыздылығы және тәуелсіздіктің қадірі жайлы насихат айтты.
Құран сайысына Абай облыстық орталық мешітінің ұстазы Ералы қари, Ерлан Досымұлы және Айдын Жүнісханұлы төрешілік жасады.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды Абай Құнанбайұлы облыстық орталық мешітінің шәкірті Мағауия Нұрсұлтан жеңіп алып, 50 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. 2-орынды Хакім Хазрет мешітінің жамағаты Ғалым Қазезұлы (30 мың теңге), 3-орынды орталық мешіт шәкірті Жұма Райымбек (20 мың теңге) иеленді.
Қасиетті Құран сүрелерін жадында сақтап, жатқа оқудан мүдірмеген сайыс жеңімпаздарын Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы өз қолымен марапаттады.
Жиын соңында бүгінгі сайысқа арнайы қатысып, бата берген Рымбек ақсақал мен апамыздың иығына қазақы дәстүрмен шапан жабылды.
Игі жиынның соңы қайырымдылық шарасымен жалғасып, 20 отбасыға пітір садақасы есебінен азық-түлікпен толтырылға Рамазан қоржыны таратылды.
Пікір қалдыру