Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басты мақсаттарының бірі діни ағартушылық екендігі белгілі. Осы мақсатта ҚМДБ жанынан «Muftiyat» баспасы ашылған болатын. Аталған баспадан осы күнге дейін бірқатар кітаптар жарық көріп, халық игілігіне табысталды.
Жақында осы баспадан Абай облысының тумасы, Аягөз қаласында бірнеше жыл бас имамдық қызметте болған, қазіргі таңда ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің маманы, Нұр-Мүбәрак Ислам университетінің докторанты, бірнеше кітаптардың авторы Думан Нәдірұлының «QALYP» атты кітабы жарыққа шықты.
Бұл кітапта адам бойында кездесетін «Тәкаппарлық, мақтаншақтық, өз-өзіне таңдану, ысырапшылдық, ғапылдық» және т.б. түрлі кесірлі мінездер, олардың пайда болу себептері және құтылу жолдары сынды мәселелер көтерілген.
Аталмыш кітапты Аягөз ауданының бас имамы Алмас Айткәрімұлы. Аягөз аудандық дін қызметкерлеріне сый ретінде табыстап, «Аягөз қалалық мешітінде қызмет атқарған Думан Нәдірұлының жарық көрген кезекті кітабы оқырман қауым үшін, соның ішінде имамдар уағызына арқау болатын бірден-бір құрал. Кітап жеңіл, орамды, түсінікті етіп жазылған» – дей келе, автордың алдағы уақытта да осындай көркем әрі пайдалы еңбектерінің шыға беруіне тілектестігін білдірді.
Пікір қалдыру