ЖАСӨСПІРІМДЕР САДАҚ АТУДАН САЙЫСҚА ТҮСТІ

«Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында, қасиетті Рамазан айында Абай облысы өкілдігі мен Алаш мергендері дәстүрлі садақ ату клубының бірлесіп «Семей қаласының арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы» КММ-де тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдер арасында дәстүрлі садақ атудан сайыс өткізді.

Жарысқа барлығы 13 оқушы қатысты. Спортқа икемді жастар бірінші мәрте қолдарына садақ ұстағандарына қарамастан, тартысты ойын көрсетіп, финалдық сайыс Жамбы ату бойынша өткізілді.

Оза шауып мергендігін дәлелдеген жеңімпаздар қозғалып тұрған жамбыға жебені дәл тигізіп, жеңіс тұғырына көтерілді.

Жарыс нәтижесінде 1-ші және 2-ші орындарды бөліскен ағайынды Мельников Аркадий мен Мельников Петр 30 мың және 20 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болса, 3-ші орын алған Мухамадиев Денис 15 мың теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды. Сондай-ақ, финалдық кезеңге өткен 2 қатысушыға 10 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы және басқа барлық балаларға Алаш мергендері садақ ату орталығында 2 адамға арналған 1 сағаттық садақ ату сертификаты табысталды.

Жасөспірім оқушылар осы шараға мұрындық болған ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, сан ғасырдан бері қазақ жұртының қанына сіңген садақ ату өнерімен танысқандарына қуанышты екендіктерін жеткізді.

Қасиетті айда осы ізгі іске қаржылай демеушілік жасаған азаматтарысызға алғыс білдіреміз.