ЕЛ ҮЛЕСІ ПӘТЕРГЕ: СЕМЕЙЛІК ИМАМҒА БАСПАНА КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлының ұйытқы болуымен 10 жылдан астам дінге қызмет етіп, Тыныбай мешітінде наиб имам қызметінде болған, жақында ғана Семей қаласында жаңадан ашылған «Әли» мешітіне бас имам болып тағайындалған Ахметжан Рахманұлына баспана кілті табысталды.

Жалпы «Ел үлесі пәтерге» жобасы бойынша соңғы жылдарда Абай облысы бойынша бірнеше мұқтаж отбасына, сондай-ақ 5 мешіт қызметкеріне баспана берілді. Бұл жолғы баспана жалпы еліміз бойынша ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры тарапынан берілген 740-шы баспана болды. Алдағы уақытта да бұл жоба өз жұмысын жалғастыра бермек.

Сауапты іске демеушілік жасаған жанашыр азаматтарымыз бен Семей қалалық мешіт имамдарына Алла разы болсын деп тілейміз!