Ислам және дәстүр құндылығы жылы аясында Хазрет Әли мешітінің бас имамы Ахметжан Рахманұлының ұйымдастыруымен «Тарих тағылымы» атты семинар өтті. Семинардың алғы сөзін Ахметжан Рахманұлы бастап, тарихымызды білудің маңыздылығы, өткенін білмеген ұлттың келешегі бұлыңғыр болатындығы туралы сөз өрбітті.
Семинардың негізгі спикері Семей қалалық Тыныбай мешітінде 1954-1973 жж. аралығында 20 жылға жуық уақыт имамдық қызмет атқарған Хазірет Ахметсафа қажының ұлы, Медицина ғылымдарының кандидаты, Семей Медицина университетінің құрметті профессоры Мұзаффар қажы Ахметсафаұлы болды.
Мұзаффар қажы Ахметсафа Хазіреттің бес жасынан бастап діни ілім алғаны, Ташкенттегі Әбілқасымхан медресесін тәмамдап келіп, медреседе ұстаздық қылғаны, кейіннен Кеңес өкіметінің қылышынан қан тамып тұрған уақытта қуғынға ұшырап, мал-мүлкі тәркіленіп, жер аударылғандығы, түрлі ауыр жұмыстар істегені, кейіннен белгілі бір мөлшерде жылымық пайда болған заманда қайтадан дін қызметіне келіп, Семей қаласына қоныс аударып, имамдық қызмет атқарған кезеңі, Кеңес одағынан 20 адамның ішіндегі жалғыз қазақ болып, 1960 жылдары қажылық парызын атқарып келгендігі, сол кезеңдегі Семей қаласындағы жалпы діни ахуал жайлы кеңінен баяндады.
Сондай-ақ, қазақи салт-дәстүрлердің Ислам дінімізбен тығыз байланыстылығы туралы да терең ойларын баяндап, семинарға қатысушы жамағаттар тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға да тұщымды жауап берді.
Жиын соңында Хазрет Әли мешітінің бас имамы Ахметжан Рахманұлы Мұзаффар қажыға құрметін көрсетіп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып, алғыс хат табыстады.
Ислам және дәстүр құндылығы жылы аясында өткен тағылымды кездесуге қатысқан жамағаттар осы игі іске мұрындық болған жандарға алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта да осындай мазмұнды жиындардың жиіріек ұйымдастырылып, қазыналы қарияларымыздың дариядай терең ілімдері мен өмірлік тәжірибелерінен тәлім алуға ниеттерін жеткізді.
Пікір қалдыру