БЕСІККЕ БӨЛЕУДІҢ ПАЙДАЛАРЫ

Адам тіршілік ету үшін алдымен бұл өмірдегі өз орнын сезінуі қажет, яғни, оның өмір сүретін орны болуы керек. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан», – деген Абай атамыздың даналығының астарында адамның өмірдегі өз орнын табудың маңыздылығы жатыр.

Жаңа туған сәбиді бесікке бөлеу – баланың өмірдегі, әлемдегі, алғашқы мекенін, өз кеңістігін, орнын белгілеп беру. Оның әлемге деген оң көзқарасын қалыптастырудың, әлемнің жылы, тыныш, қауіпсіз сипатын тануының алғышарты, баланың бұл өмірде өз орны бар екенін сезіндіретін құрал. Мұнымен ғана шектелмей, ол бала бойында қоршаған әлем мен өмір туралы оң пікір қалыптасуына септігін тигізеді.

Ендеше бесікке бөлеудің бірнеше пайдаларын атап өтейік:

Біріншіден, бесік күн райы қандай болса да, баланың жылы жерде өсуін қамтамасыз етеді. Ертеде бесікке бөленге бала киіз үй, қыстауда қазіргі үйлердегідей бірқалыпты температураның болмауына қарамастан, әлемнің жылылығын сезініп өскен.

Екіншіден, қазақ халқы көшпелі өмір сүру салтын ұстанған. Ал, баланың орын ауыстыру, көшу сияқты құбылыстарды психикалық деңгейде көтеруі ауырға соғуы мүмкін. Міне, осындай ел астаң-кестеңі шығып көшіп жатқанда бесікте жатқан бала өз орнында, жылы мекенінде бейқам өмірін алаңсыз жалғастыра бере алады.

Үшіншіден, ұйықтап жатқан баланың бесігін жауып қояды. Осылайша, бала бесікте өз әлемінде тыныштықта ұйықтайды. Сөйтіп, бала ұйқысынан оянған кезде мына әлемнен қорықпай, өзінің шағын ғана әлемінде оянатын болады. Бұдан халқымыз баланың әлеммен байланысын біртіндеп, асықпай орын алатын құбылыс ретінде қарастырғанын, баланы анасының құрсағынан соған ұқсас бесік әлеміне өткізіп, тіршілікке, әлемге, отбасына еті үйренген шақта бесіктен шешіп алып, ел қатарына қосқанын байқаймыз.

Төртіншіден, бесік беріктіктің бастауы. Берік ағаштан жасалған баланың алғашқы мекені балаға о бастан осы әлемнің оны қандай жағдайда да қорғауға, қолдауға, қамқорлық танытуға дайын екенін тұла бойына сіңіреді.

Бесіктің бұдан да басқа тіршіліктің мәнін ұғындыратын пайдалары көп. Бала бесік арқылы тазалыққа бой үйретеді. Баланы бесігінен шешіп алып, қолға алу, жақындарының мейірім мен жылулықтарын төгуі – балаға өз әлемінен басқа да әлемнің жылы шыраймен қарайтындығын ұқтырып, өмірге бейімделуін, махаббатын оятады.

«Қазақтың жазылмаған психологиясы» кітабы негізінде дайындалды.