«ИСМ-АҒЗАМ» ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

         «Исм-Ағзам» сөзінің тілдік мағынасы «Ең ұлы есім» дегенді білдіреді. Ал, шариғатта Алла Тағаланың көркем есімдерінің ішіндегі кейбір есімдері үшін осы атау қолданылған. Ислам ғұламаларының бір тобы Алланың есімдерінің барлығы да артықшылық, абзалдық тұрғысынан теңдей дәрежеде екендігін айтқан. Екінші бір топ ғалымдар Пайғамбарымыздың ﷺ хадистерін назарға ала отырып, кейбір есімдерінің басқаларына қарағанда артықшылығы мен абзалдығы бар екендігі туралы пікір білдірген.

         Ардақты Пайғамбарымыздың ﷺ кейбір хадистерінде Алланың ұлы есімдері туралы айтылып, бұл есімдерді атап дұға қылғанда дұғаның міндетті түрде қабыл болатындығы баяндалған[1]. Алайда, Алланың ең ұлы есімін дөп басып айту қиын. Себебі, бұл хадистердің бірінде «Алла», енді бірінде «Әр-Рахман, Әр-Рахим», келесі бірінде «Әл-Хайи, Әл-Қайюм», тағы бірінде «Зул жәләли уәл икрам» есімдері Алланың ең ұлы есімдері ретінде аталған.

         Мәселен, Әбу Умәмәдан (р.а.) жеткен бір хадисте былай баяндалған:

 عن أبي أمامة رضي الله عنه أن رسول الله صلى الله عليه وسلم قال : ( اسْمُ اللَّهِ الأَعظَمُ فِي سُوَرٍ مِنَ القُرآنِ ثَلَاثٍ : فِي ” البَقَرَةِ ” وَ ” آلِ عِمرَانَ ” وَ “طَهَ”.

         Алла елшісі ﷺ «Алланың ең үлкен есімдері Құранның үш сүресінде: Бақара, Әли Имран және Таһа сүресінде», – деген[2].

         Әнәс ибн Мәликтен (р.а.) жеткен риуаятта былай айтылған:

عَنْ أَنَسٍ أَنَّهُ كَانَ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ جَالِسًا وَرَجُلٌ يُصَلِّي ثُمَّ دَعَا ” اللَّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ بِأَنَّ لَكَ الْحَمْدُ لَا إِلَهَ إِلَّا أَنْتَ الْمَنَّانُ بَدِيعُ السَّمَوَاتِ وَالْأَرْضِ يَا ذَا الْجَلَالِ وَالْإِكْرَامِ يَا حَيُّ يَا قَيُّومُ”. فَقَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَقَدْ دَعَا اللَّهَ    بِاسْمِهِ الْعَظِيمِ الَّذِي إِذَا دُعِيَ بِهِ أَجَابَ وَإِذَا سُئِلَ بِهِ أَعْطَى”.

          Мен Алла елшісімен ﷺ бірге отырған едім. Бір кісі намаз оқыды да, былай деп дұға етті: «Уа, Аллам! Мен Сенен сұраймын! Мақтау Саған лайықты. Сенен басқа Құдай жоқ. Сен қайырымды, шапағаттысың (Әл-Мәннән). Көктер мен жерді жоқтан бар етушісің (Әл-Бәдиғ). Уа, құдірет пен құрмет иесі (Зул-жәләли уәл икрам)! Уа, Мәңгі тірі (Әл-Хай)! Уа, Өздігінен тұрушы (Әл-Қаййум)!». Сонда Пайғамбарымыз ﷺ «Бұл адам Алла Тағаланың дұға жасалса жауап беретін, сұралса сұрағанын беретін ұлы есімімен дұға етті», – деді[3].

         Әбу Бурайдә ибн Қусайбтан (р.а.) жеткен риуаятта былай айтылған:

 

عن بُرَيْدَةَ بنِ الحُصَيْب أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ سَمِعَ رَجُلًا يَقُولُ ” اللَّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ أَنِّي أَشْهَدُ أَنَّكَ أَنْتَ اللَّهُ لَا إِلَهَ إِلَّا أَنْتَ الْأَحَدُ الصَّمَدُ الَّذِي لَمْ يَلِدْ وَلَمْ يُولَدْ وَلَمْ يَكُنْ لَهُ كُفُوًا أَحَدٌ ” ، فَقَالَ : لَقَدْ سَأَلْتَ اللَّهَ بِالِاسْمِ الَّذِي إِذَا سُئِلَ بِهِ أَعْطَى وَإِذَا دُعِيَ بِهِ أَجَابَ”.

            Алла елшісі ﷺ бір кісінің «Уа, Аллам! Мен Жалғыз (Әл-Әхәд), Еш нәрсеге мұқтаж емес (Әс-Самәд), тумаған, туылмаған, ешбір теңдесі жоқ Өзіңнен басқа Құдай жоқ екеніне, Сенің Алла екендігіңе куәлік бере отырып бір Өзіңнен сұраймын», – деп дұға етіп отырғанын естіді. Сонда Пайғамбарымыз ﷺ оған «Сен Алла Тағаладан сұралса беретін, дұға қылынса жауап беретін есімімен сұрадың», – деді[4].

         Қорыта айтар болсақ, осы және т.б. риуаяттарды негізге ала отырып кей ғалымдарымыз Алла Тағаланың ұлы есімдері мынадай деген пікір білдірген:

1) هو Ол;

2) الله Алла;

3)  الرحمن الرحيم Әр-Рахман (Аса қамқор), Әр-Рахим (Ерекше мейірімді);

4) الحي القيوم Әл-Хай (Тірі), Әл-Қаййум (Өздігінен тұрушы);

5) الحنان المنان بديع السماوات والأرض – Әл-Хәннән (Жанашыр), Әл-Мәннән (Қайырымды), Бәдиғус сәмәуәти уәл ард (Көктер мен жерді жоқтан бар етіп жаратушы);

6) ذو الجلال والاكرام – Зул жәләли уәл икрам (Құдірет пен құрмет иесі);

7) الله لا إله إلا هو الأحد الصمد الذي لم يلد ولم يولد ولم يكن له كفوا أحد Алла, Одан басқа Құдай жоқ. Ол – Әл-Әхәд (Жалғыз), Әс-Самәд (Еш нәрсеге мұқтаж емес); Тумаған да, туылмаған, Оның ешбір теңдесі жоқ.

8) رَبِّ رَبِّ Рабби, Рабби (Раббым, Раббым!);

9) لَا إِلَهَ إِلَّا أَنْتَ سُبْحَانَكَ إِنِّي كُنْتُ مِنَ الظاَّلِمِينَ – «Сенен басқа Құдай жоқ. Сен кемшілік атаулыдан пәксің. Мен зұлымдық етушілерден болдым», – деген Иунус пайғамбардың (ғ.с.) сұрағы.

10) هو الله الذي لا إله إلا هو رب العرش العظيم Ол – одан басқа Құдай жоқ Алла. Ұлы Арштың Раббысы.

11) لا إله إلا الله – Алладан басқа Құдай жоқ[5].

[1] Тирмизи, Сунән, №3475-3476, 3544; Әбу Дәуід, Сунән, №1493.

[2] Ибн Мәжә, Сунән, №3856.

[3] Тирмизи, Сунән, №3544; Әбу Дәуід, Сунән, №1495.

[4] Тирмизи, Сунән, 3475; Әбу Дәуід, Сунән, 1493.

[5] Ибн Хажар Әл-Асқалани, Фатхул бәри, 11/224-225 бб.

 

ҚУАНЫШ ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,

АБАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ШАРИҒАТ ЖӘНЕ ПӘТУА БӨЛІМІНІҢ ЖАУАПТЫ МАМАНЫ